Lifestyle

Танымал әнші Абай Бегейдің 16 жасар қызы тұрмысқа шықты, бұл – заңға қайшы емес пе?

Әнші Абай Бегей 16 жастағы қызын алып қашып кеткендерге батасын берді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әнші Абай Бегейдің қызы өзінің туған жері Ақтау өңіріне, Табынай руына келін болып түсті. Бұл жаңалықты желіге әншінің жары Фариза Жуманова жариялады.

«Неше күннен бері сіздерге айтуға енді уақыты келген сияқты…

Отбасымызда тіптен ойламаған жағдай орын алып, барлығымыз абдырап қалдық. Ақтауға отбасымызбен демалып келеміз деп, ұшуға бір-ақ күн қалғанда, «үйдің ортаншы қызы Сымбатты алып қашып кетті» деген хабар жетті. Барлығымыз Алматыдамыз, Ақтаудан нағашы апаларын жіберіп, қызды бірден алып кеттік.

Әкесі: «Қандай ел екенін, ата-анасын, жігіттің өзін көрмей ешқандай қызымды бермеймін» деді. Сол күні бірден Ақтаудан Алматыға жігіттің ата-анасы, ауылының үлкені келіп, әкесінің алдынан өтіп, уәделерін беріп, рұқсатын сұрады. Әкесі де өз ауылымыздың үлкендерімен, жан-жағымен ақылдаса келе, «Келген ел көргенді, жөні түзу, сөздері дұрыс адамдар екен. Қызымның таңдауын құрметтеймін» деп батасын берді», – деп жазды Абай Бегейдің жары.

Айта кетейік, Абай Бегейдің екінші қызы биыл тоғызыншы сыныпты бітіріп, жақында ғана Республикалық жоғары медициналық колледжіне оқуға түскен еді. Ол сүйіктісінің қалай сөз салғанын Инстаграмдағы парақшасында бөлісіп, көпшіліктен сүйінші сұрады.

«Менің өмірімде тап сенің бар болғаның үшін рахмет» деп сүйіктісіне сөз салғаны үшін алғысын білдірді.

Әлеуметтік желіде халықтың пікірі екіге жарылды. Бірі бақыт тілеп жылы лебіздерін білдіріп жатса, бірі «Әлі мектеп оқиды ғой, 16 жас ерте емес пе? Заң тұрғысында бола ма ол?» – деп таңқалып отыр.

Заң бұған не дейді?

Қазақстан Республикасының неке және отбасы кодексінде ата-аналары рұқсат еткен жағдайда неке жасын 2 жасқа төмендетуге өтініш бере алады.

11-бап. Неке жасы (ерлі-зайыптылық жасы)

1. Неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін 18 жас болып белгіленеді.

2. Дәлелді себептер болған жағдайда некені (ерлі-зайыптыларды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдары неке (ерлі-зайыптылық) жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін.

3. Некеге тұруға тілек білдірушілер немесе олардың ата-аналары, не қорғаншылары (қамқоршылары) белгіленген неке жасын төмендету қажеттігін туғызатын себептерді көрсете отырып неке (ерлі-зайыптылық) жасын төмендету туралы өтініш бере алады.

4. Неке жасын төмендетуге тек некеге (ерлі-зайыптылыққа) тұрушылардың келісімімен ғана жол беріледі.

5. Неке жасына толмаған адамдардың және адамның арасындағы некеге (ерлі-зайыптылыққа) кәмелеттік жасқа жетпегендердің ата-аналарының не қорғаншыларының, қамқоршыларының жазбаша келісімімен ғана рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, заңда жасы 18-ге толмаған адам, яғни кәмелетке толмағандар бала болып есептеледі.