Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесуі кейінге шегерілді. Оған себеп – спортшылар мен олардың бапкерлерінен коронавирус анықталды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Өздеріңізге белгілі, бүгін 15 тамызда президент Қасым-Жомарт Кемелұлы олимпиада жеңімпаздарымен кездеседі деп жоспарланған еді. Өкінішке қарай, спортшылар мен бапкерлердің жартысында Covid-19 диагнозы анықталды, сондықтан кездесуді кейінге қалдыруға тура келді. Барлығының тезірек сауығып кетуін тілейміз.
Мемлекет басшысы Олимпиада жүлдегерлерін міндетті түрде қабылдайды. Кездесу тамыз айының соңында Ақордада өтеді деп жоспарланып отыр», – деді Берік Уәли
Естеріңізге сала кетейік, 14 тамызда Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздары мен жаттықтырушылар құрамын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев АҚШ-та өтетін бәсекеде ұлттық құрама бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп уәде берді