Үкімет бюджет қаражатын үнемдемек: Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет шығындарын қысқартады

Жарияланды
Қаржы министрлігі 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзетеді / Фото: kursiv.media

Қаржы министрлігі 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзетіп, 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетке өзгеріс енгізеді. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған министрлік құжатында жазылған.

«2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзету және «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 1108 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді», – делінген құжатта.

Құжатта бұл өзгерістердің мемлекеттік органдардың өздеріне жүктелген функцияларды тиісінше орындауы үшін енгізіліп жатқаны жазылған.

Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының Бюджет кодекснің 111-бабына және Республикалық бюджет комиссиясының 2024 жылғы 13 тамыздағы  № 17 шешіміне сәйкес енгізіледі.

2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзетуге қатысты кестеде жалпы сипаттағы мемлекеттiк көрсетілетін қызметтер шығыны -7,2 млрд теңгені құрағаны жазылған.

Құжаттағы мәліметтерге сәйкес, барлығы 2 трлн 282 млрд теңге бюджет көлемі 2 трлн 280 млрд теңгеге дейін дейін қысқарған.

Республикалық бюджеттік инвестициялық жобалар 272 627 639 000 теңгеден 272 596 328 000 теңгеге дейін қысқарған. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы арқылы жоспарланатын бюджеттік инвестициялар өзгеріссіз қалған. Оның көлемі – 49 929 694 000 млрд теңге.

Нысаналы даму трансферттері 154 635 550 000 теңгеден, 153 446 558 000 теңгеге дейін қысқарған. Республикалық бюджет қаражаты есебінен облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астана бюджеттеріне қоршаған ортаны қорғау объектілерін салуға және реконструкциялауға берілетін нысаналы даму трансферттері 4 848 957 000 теңгеден 4 124 370 000 теңгеге дейін төмендеген.

Облыстық бюджеттерге шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен берілетін нысаналы даму трансферттері керісінше артқан. Бюджет сомасы 19 197 575 000 теңгеден 21 107 650 000 теңгеге дейін артқан. Оған сәйкес Павлодар облысының бюджеті 2 304 493 000 теңгеден, 4 214 568 000 теңгеге артқан.

Сонымен бірге онда Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің сомасы 500 968 115 000 теңге көлемінде көрсетілген. Олар келесідей бөлінген:

  • Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резерві – 59,3 млрд теңге;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған  резерві – 439,2 млрд теңге;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің соттар шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға арналған резерві – 2 млрд;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған резерві – 350 млн теңге.

Еске сала кетсек, Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарына өзгеріс енгізіп, бірқатар облыстарда «Жайлы мектеп» құрылысына Ұлттық қордан бөлінетін қаражат көлемін ұлғайтты.

Сондай-ақ оқыңыз