Ұлттық банк мониторингі: 2024 жылдың ІІ тоқсанында геосаяси ахуал мен Ресей санкциялары елдегі кәсіпорындардың 41,4%-ына теріс әсер еткен

Жарияланды
Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 8,1%-ына Ресей санкциялары қатты зиян тигізген / Фото: Ұлттық банк баспасөз қызметі; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық банк кәсіпорындарда мониторинг жүргізіп, дайын өнімнің, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны жеделдей түскенін анықтаған. Банк сонымен бірге кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізіп, осы жылдың екінші тоқсанында елдің экономикалық жағдайының бизнеске әсерін, геосаяси ахуал мен Ресей санкциялары кәсіпорындардың жұмысына қаншалықты әсер еткенін талдаған.

«2024 жылдың ІI тоқсанындағы кәсіпорындарды мониторингтеу нәтижесі бойынша, 2024 жылдың II тоқсанында дайын өнімнің, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны жеделдеді», – дейді ҚР ҰБ АКСД директоры Рүстем Оразалин.

Сарапшы мәліметінше, кәсіпорындар өндіретін өнім бағасының өсу қарқыны жеделдеп, баға динамикасының жалпы өзгерісін көрсететін диффузиялық индекс көлемі 57,8 болған. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы I тоқсанда – 57,2-ні құраған. Ал кәсіпорындардың дайын өнімге деген сұранысы осы жылдың I тоқсанындағы деңгейде қалған.

Кәсіпорындардың басым көпшілігі үшін дайын өнімге баға белгілеу кезінде шикізат пен материалдар бағасы және сұраныс әлдеқайда маңызды фактор саналады. Банк болжамына сәйкес, 2024 жылғы 3-тоқсанда кәсіпорындар дайын өнімнің және шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны баяулайды деп болжайды.

2024 жылғы 2-тоқсанда кәсіпорындардың өндірістік қуатының жүктемесі (ӨҚЖ) 2024 жылғы 1-тоқсанның деңгейінен жоғары болған. Банк болжамынша, 2024 жылғы 3-тоқсанда кәсіпорындарда өндіріс көлемі қарқын алады.

Кәсіпорындардың 29,6%-ына елдегі экономикалық жағдай кедергі келтіреді

Банк 2024 жылдың 2-тоқсанында кәсіпорындар арасында арнайы сауалнама жүргізген, нәтижесінде олардың 29,6%-ына Қазақстан экономикасының бизнес жүргізуге кедергі келтіретіні анықталған. 2024 жылғы 1-тоқсанда мұндай кәсіпорындардың үлесі 30,9% болған.

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 22,2%-ның пікірінше Қазақстандағы экономикалық жағдай 2024 жылғы 2-тоқсанда нашарлаған. Ал респонденттердің 72,6%-ы экономикалық жағдай өзгермеген деп санайды. Олар мынадай кедергілер:

  • Нарықтық бәсекелестік пен экономика жағдайынан басқа кәсіпорындар үшін салық ауыртпалығының деңгейі (28,8%);
  • Білікті кадрлардың жетіспеушілігі (27,3%);
  • Сатып алушыларды іздеу (25,0%);
  • Лицензиялар/рұқсатнамалар алу қиындығы (17,3%);
  • Дебиторлық берешекті қайтару қиындығы (14,4%) маңыздылығы бойынша 8-орында тұрған қаржыландыруға қол жеткізу (14,2%) сияқты факторлар маңызды саналады.

Ресей санкциялары кәсіпорындарға қалай әсер еткен?

Сонымен бірге кәсіпорындарға табиғи апаттар, қарыз бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер, Ресей Федерациясына қатысты санкциялар, әлемдегі геосаяси ахуал да кедергі келтіргені айтылады.

Мәселен, 2024 жылғы 2-тоқсанда геосаяси ахуал мен РФ-ға қатысты енгізілген санкциялар кәсіпорындардың 41,4%-ының қызметіне теріс әсер еткен. Ал кәсіпорындардың 8,1%-ы бұл жағдайдан қатты зардап шеккен.

Кәсіпорындардың 53,2%-на геосаясат ешқандай әсер етпеген. Ал респонденттердің 5,3%-ына керісінше, бұл жағдай оң әсер еткен. 2024 жылғы 2-тоқсанда логистика проблемасын көрсеткен, сондай-ақ шешім қабылдауда қиындыққа тап болған және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерді көрсеткен кәсіпорындар саны азайған.

Банк мәліметінше, Қазақстан теңгесін басқа валюталарға қарағанда тым әлсіз деп есептеген, сондай-ақ ақша аударымдарын жүзеге асыру проблемаларына тап болған кәсіпорындар саны артқан.

Сондай-ақ оқыңыз