192 млн теңгелік Rolls-Royce, 20 млрд теңгелік вилла: Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы қандай активтерін қайтармақ

Жарияланды
Сатыбалды активтерін мемлекет меншігіне өткізіп болмады ма? / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қайрат Сатыбалды мемлекетке активтерін тағы да қайтарып жатыр. Бұл жолы олардың құны 50 миллиард теңгеден аспақ. Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті хабарлады.

Қазір бұл комитет Сатыбалдының «кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару» туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін оның 18 млрд теңгеге жуық активтері қайтарылған. Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.

Қайрат Сатыбалдыдан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды. Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылған.

Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңгені құрайтын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер де мемлекет меншігіне өтті.

Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің айтуынша, Қ.Сатыбалды мен оның жақындарына тиесілі жалпы құны 33 млрд теңге болатын шетелдік мүлік тапсырылып жатыр. Бұл іс те аяқталуға жақын қалған.

Олардың ішінде Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла; Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер; құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы элиталық тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік; құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Стамбул қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер бар.

Айта кететін жайт, шетелдегі дүние-мүліктің дені Қайрат Сатыбалдының нақсүйерлерінің атына тіркелгені анықталған. Соның кесірінен Жерорта теңізінің салқын ауасымен тыныстап, Дубайдың ыстық күніне қыздырынуды ұнататын еркетотай тоқалдары да үйсіз қалып жатыр. Жоғарыда айтылған Мәскеудегі «Золотые ключи» элиталық пәтер ең жас әйелі Қалмақия да туылған, шаштараз болып жұмыс істеген Марсела Нұрсұлтанның атына тіркелгені белгілі болып отыр. Марселаден бөлек, Саида Қанатбекқызы, Әсел Бахтиярқызы және Гүлмира Қауасқызы секілді «іскерлік әріптестері» де Франция, Дубай және басқа елдердегі «мүліктерінен» қағылды.

Қайрат Сатыбалды 2,5 жыл ішінде мемлекетке құны 783 млрд теңгеге жуық активтерді қайтарды.

Мұның алдында, Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған Kaisar Tower бизнес орталығы қыздар университетіне берілгенін, БАӘ, Аустрия, Лихтенштейннен 356 млн доллар қайтарғанын, Барахолкадағы құрылысы аяқталмаған павильон мен бизнес орталығын мемлекетке қайтарғысы келетінін, өзіне тағылған айыпты толық мойындағанын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз