Жаңалықтар

Тай компаниясы елде консервіленген, өңделген балық өнімдеріне арналған зауыт салу үшін 6 млн доллар инвестиция құймақ

Тай компаниясы балық өнімдері зауытына 6 млн доллар инвестиция салады / фото kursiv.media

Қазақстан Таиландқа балық өнімдерін жеткізуге дайын. Өндіріс үшін шикізатты жергілікті балық шаруашылығы жеткізеді. Одан кейін дайын өнім Таиланд пен басқа елдерге экспортталады.

«KAZAKH INVEST» ҰК баспасөз қызметінің мәліметі бойынша ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Sea Value Plc.» тай компаниясы президенті Доктор Поджа Арамваттананонта осы жобаны пысықтады.  

Тараптар Қазақстанда консервіленген, өңделген балық өнімдерін, мұздатылған жартылай фабрикаттарды өндіретін зауыт құрылысын іске қосу жайын да талқылады. Алдын ала инвестиция көлемі 6 млн доллар шамасында. Кәсіпорынның өндіріс қуаты күніне 3-5 тонна балық өнімін шығаруға жетеді деп есептелінген. Алдағы уақытта компания ел аумағында дайындалатын өнім желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Sea Value жер учаскесін іздеуде.

Кездесу барысында Sea Value мен KAZAKH INVEST өкілдері АӨК және тамақ өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Sea Value – Тайландтағы екінші ірі консервіленген тунец өндірушісі және оның өнімдері әлемнің 150 еліне экспортталады. Компанияның Францияда қайта өңдеу зауыты және Нидерландыда филиалы бар. 2023 жылы компанияның кірісі 847 миллион долларды құрады. 

Былтыр Қазақстан 21 елге 25 мың тоннаға жуық балық өнімдерін экспорттады. Балық өнімдерінің 50-ден астам түрі есепке алынды. Ең ірі тұтынушылар — Ресей, Германия, Нидерланды, Литва және Қытай.

2023 жылы Қазақстан мен Тайланд арасындағы тауар айналымы 367 млн долларға жетті. Қазақстан осы елге ет, көкөніс пен жеміс, дәнді дақылдар, ұн өнімдерін, өсімдік майларын және басқа да АӨК өнімдерін экспорттауға мүдделі.