Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасы арқылы мәселе көтеріп, мекемелерге сын-ескертпе жолдай алады

дербес деректер
eGov Mobile мобильді қосымшасында «Таза Қазақстан» cервисі пайда болды/ kursiv.media

Енді қазақстандықтар eGov Mobile мобильді қосымшасында «Таза Қазақстан» жаңа сервисін пайдалана алады. Бұл қосымша қоғам белсенділерінің экологиялық акцияларға қатысуына түрткі болмақ.

Әрбір тұрғын смартфонның көмегімен өз қалаларын абаттандыру жайы мен экология мәселелері туралы хабарлай алады. Яки eGov Mobile қосымшасының пайдаланушылары фотоайғақтарды жауапты құрылымдарға жолдайды. Жолдар, саябақтар, кіреберістердің жарықтандырылуы, қоғамдық және жеке аумақтардың санитарлық жағдайына байланысты мәселе көтеруге болады. Әзірлеушілер сауал шешімін орындау үшін арнайы маман тағайындалатынын айтты.

«Өтінім берілгеннен кейін барлық ақпарат операторға жергілікті атқарушы органнан келіп түседі, ол оны жіктейді және орындаушыны тағайындайды. Оның санатына байланысты орындаушы тапсырманы орындауы тиіс уақыт автоматты түрде белгіленеді. Орындаушы жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша фотосуретпен және түсініктемемен кері байланыс береді. Өтінім орындалғаннан кейін пайдаланушы орындалған жұмыстың сапасын бағалай алады және бұрын берілген барлық өтінімді көре алады», – деп хабарлады eGov порталы.

Сервис іске қосылған сәттен бастап қазақстандықтар https://tazaqazaqstan.kz/ сайты және @TazaQazBot телеграм-боты арқылы 1500-ден астам өтінім берді. Сервисті eGov Mobile қосымшасымен біріктіру өтінім беру процесін жеңілдете түскен.

Жаңа қосымша Экология министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесуі нәтижесінде іске қосылды.

Белсенді азаматтар белгілі бір нысандардың экологиялық, санитариялық жағдайы туралы жиі мәселе көтереді. Маусым айында Алматы тұрғыны атақты Горельник демалыс аймағында антисанитариялық жағдай қалыптасқанын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады. Видеодан үйшіктің іші босаған бөтелкелер мен басқа қоқыстарға толып қалғанын көруге болады.

18 жол картасы әзірленген

Биыл экология заңнамасын бұзған компанияларға 40 млрд теңгеге 1022 әкімшілік айыппұл салынған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, экология заңнамасын бұзу бойынша 1331 дерек анықталды. Жартыжылдықта 13,3 млрд теңгеге 884 айыппұл өндірілді.

Әкімдіктермен және жұртшылықпен бірлесіп өңірлердің экология проблемаларын шешу бойынша 532 іс-шараны қамтитын 18 жол картасы әзірленген. Оның ішінде 164 іс-шара биылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы жыл басынан бері қолжетімді ең жақсы техниканың үш анықтамалығын жасап жатыр.