Қазақтан мен Қытай алтын, мыс және полиметалл кен орындарын игеру мақсатында өзара байланысты нығайта түспек. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Zijin Mining Group Co. Ltd» компаниясының төрағасы Чен Цзинхэ кездесуде осыған байланысты негізгі мәселелерді талқылады.
«Zijin Mining» бастапқы кезде кен орнын іздестіруге 100 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ.
«Қарастырылып отырған жобалар шеңберінде компания кейіннен металдарды балқыту үшін Қазақстанның металлургиялық зауыттарына жіберілетін түсті және бағалы металдар концентраттарын өндіру үшін байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру кемінде 1000 жұмыс орнын ашады және шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етеді», – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Қытайдың трансұлттық тау-кен конгломераты
«Zijin Mining» – алтын мен түсті металл ресурстарының ең үлкен көлемін иеленетін және Қытай тау-кен өнеркәсібінде металл минералды өнімдерінің ең көп көлемін өндіретін трансұлттық тау-кен конгломераты. 2022 жылы компанияның капиталдандыруы 47 млрд АҚШ долларынан асты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның мыс ресурстары 96 млн тоннаны құрады. Катодты мыс өндірісі 720 мың тоннаға, ал тазартылған алтын өндірісі 250 тоннаға дейін жетті.
Қазақстанның экономикадағы ең басты серіктесі
Қазақстанның ондаған жыл басты сауда серіктесі болып келген Ресей 2023 жылы алғаш рет Қытайға өз орнын берді. ҚР ҰБ мәліметінше, Қытай Қазақстанға 2005-2023 жылдар аралығында 24, 8 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйған. Қытай кейінгі жылдары Қазақстанның тұрақты инвесторы ретінде қалыптасты. Мысалы, 2018 жылдан бері Бейжің елімізге орташа есеппен жылына 1,5 млрд доллардан астам жобаларға инвестиция құйып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салатын алғашқы 5 елдің қатарына кіреді.
ШЫҰ келісімі
Астана биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізді. Тоқаев пен Сын Цзинпин кездесуі аясында екі ел арасындағы маңызды келісімшарттарға қол қойылды. ШЫҰ саммиті қарсаңында Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі өтті. Іс-шараға 500-ден астам бизнес өкілдері мен 50-ден астам ірі қытайлық компаниялардың өкілдері жиналды. Pacific Holding Company басқарма төрағасы Цзян Сяофу сол кезде елімізде ірі жобаны іске асыратынын айтты.
«Қазақстанда кен орнын ашу жоспары тұр. Наурыз айынан бастап кен орнына 1 млрд АҚШ доллары шамасында қаржы құйылды. Кен орны Алматы өңірінде болады. Нақты қай орында және кен орны немен байланысты екенін әзірге айту ерте. Әрине, мүмкіндік болса осы жоба ұзақ жыл болады деген жоспарымыз бар», – деген еді қытайлық кәсіпкер Цзян Сяофу.
ШЫҰ саммиті қарсаңында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) Қытайдың жетекші қаржы институттарымен келісімдерге қол қойды. Қытай құрылыс банкінің (China Construction Bank) Астанадағы бөлімшесі Қазақстан даму банкіне 500 млн АҚШ доллары сомасында жеңілдетілген кредиттік қаражат беретін болып шешім қабылдады. Бұдан басқа да жобаларды қаржыландыруға қытай тарабы келісім берді.