Алматыдағы тағы бір емхананың екі бірдей бухгалтері қазына қаржысына қол салды. Олар заңсыз жалақы есептеу арқылы бюджеттің 341 млн теңгесін талан-таражға салған.
Антикор ақпаратынша, олар ауруханада іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны және басқа да төлемдерді заңсыз аударып отырған. Осылайша күдіктілер 341 млн теңгеден астам сомадағы бюджет қаражысын қолды еткен.
«Алматы қаласы Медеу ауданының сотымен қалалық емхананың бухгалтерлері К. Хангиреева мен А. Туғанбаева сотталды. Сот үкімімен бас бухгалтерге 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның қарамағындағы қызметкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ»,- деп хабарлады Антикор.
Есепшілердің бюджет ақшасын жымқыруы бірінші рет емес. Осыдан он күн бұрын Алматыдағы емханалардың біріндегі бас бухгалтер мен есепшісі 340 млн теңгені қалталарына басқаны белгілі болған. Күдіктілер 2019 жылдың маусымынан 2023 жылдың қараша айына дейін заңсыз табыс тапқан. Олар да емханада жұмыс істемейтін адамдардың карточка шоттарына жалақы мен үстемелерді есептеп ақша аударып отырған. Заңсыз әрекет арқылы ақша таппақ болғандарды Медеу ауданының №2 аудандық соты 7,5 жылға бас бостандығынан айырды.