Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуіне байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы екі жылда екінші рет маймыл шешегін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады. Осыған байланысты ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус арнайы мәлімдеме жасады.
Тедрос Гебрейесустың айтуынша, шешек індеті Конго Демократиялық Республикасында он жылдан астам уақыттан бері тіркеліп келеді және оны жұқтырғандар саны да жыл санап артып жатыр. Биыл осы індетті жұқтырғандар былтырғы жылдың көрсеткішінен асып түскен. Мәселен, жыл басынан бері 14 мың адам осы ауруды жұқтырса, оның 524-і, өкінішке қарай, көз жұмған.
«Бүгін төтенше жағдайлар комитеті жиналып, маған бұл жағдай денсаулық сақтау саласындағы халықаралық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдайға жататынын хабарлады. Мен бұл кеңесті қабылдадым», – деді Тедрос Гебрейесус.
Ол халықаралық денсаулық сақтау заңнамасы бойынша бұл дабылдың ең жоғары деңгейі екенін атап өтті.
«Конгоның шығысында маймыл шешегінің жаңа штаммының тез таралуы, оның көрші елдерде және Африкада, одан тыс жерлерде белең алуы үлкен алаңдаушылық туғызады», — деді Тедрос.
ДДҰ күттірмейтін шығындар қорынан қазірдің өзінде шамамен 1,5 миллион доллар бөлгенін мәлімдеді. Жалпы алғанда ДДҰ-ның әрекет ету жоспарының бастапқы кезеңінде 15 млн доллар қажет. Ұйым жақын арада қаржыландыру үшін донорларға жүгінуді жоспарлап отыр.
Бұл соңғы екі жылда маймыл шешегінің екінші рет өршуі. 2022 жылдың шілдесінде ДДҰ осы инфекцияға байланысты денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай жариялаған болатын. Ол уақытта маймыл шешегі Африкадан тараған еді. Ол кеміргіштер мен жабайы жануарлардан адамдарға жұғады. Белгілері: әлсіздік, жоғары температура және адам денесінде бөртпе пайда болады. Екі жыл бұрын әлемнің 109 мемлекетінде 77 мыңнан астам адам осы дертке шалдыққан, оның 40 шақтысы қайтыс болды.
2022 жылы ДДСҰ маймыл шешегі ауруының атауын өзгерткен болатын. «Монкей-покс» деген терминді ДДҰ «M-покс» деп аталатынын хабарлаған еді.