Ғылым министрлігі ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлердің жалақысын тағы өсіруге уәде берді
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылдың қаңтар айынан бастап ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлердің жалақысын тағы 17%-ға көтеруге уәде берді. Ведомствода бұл шаралар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде жүзеге асатынын мәлімдейді. Ал бүгінде ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер қанша жалақы алып жүр? Министрлік оған қатысты да ақпарат ұсынды.
Ғылым министрлігі Жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының жалақысы едәуір артатынын хабарлады. Мәселен, бұрын оқытушылар 160,7 мың теңге алса, 2023 жылдан бастап олардың жалақысы 350 мың теңгеге дейін өскен. Ұлттық жоғары оқу орындарында айлық 228,8 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ұлғайған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына жоғары білім беру сапасын және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді», – деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар ведомство 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18-%-ға, биыл жыл басында тағы 18-%-ға өскенін еске салды. Ал келесі 2025 жылдың қаңтарынан бастап бұл саладағы мамандардың айлығын ммнистрлік тағы 17%-ға арттыруға уәде беріп отыр.
«Бұдан басқа, «ҚР заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көзделген нормалар шеңберінде ғылыми атақтардың болуы үшін ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Бұл заңға Мемлекет басшысы осы жылдың 6 мамырында қол қойды», – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, заңға енгізілген түзетулердің бірінші блогы педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Нақтырақ айтсақ, белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтерге үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері өскен.
Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) атағы үшін төленетін қосымша ақы 25 АЕК-ті (92 300 теңге) құрайды. Ал ғылым докторы және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК (155 064 теңге) көлемінде қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бұдан бөлек, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
«40 жасқа толмаған дарынды жас ғалымдарға жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы берілді», – деп толықтырды министрлік.
Ғалымдарға қылыми дәрежесі үшін алатын төлем мөлшері өсті
Ғалымдарға ғылыми дәрежесі үшін берілетін қосымша төлемдер туралы Үкімет қаулысы 29 шілдеде күшіне енген болатын. Қабылданған қаулыға сәйкес енді ғалымдарға атағы мен ғылыми дәрежесі үшін алатын қосымша төлем мынадай көлемде беріледі:
- ғылым кандидаттары, философия докторлары (PhD), сала докторлары – 17 АЕК. Бұл 62 764 теңгені құрайды;
- ғылым докторлары – 34 АЕК – 125 528 теңге;
- ғылым кандидаты, философия докторы (PhD) және ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар доценттер – 25 АЕК – 92 300 теңг
- докторлық дәрежесі бар доценттер – 42 АЕК – 155 064 теңге;
- ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), ғылым докторы және ғылым докторы академиялық дәрежесі бар профессорлар – 50 АЕК – 184 600 теңге.
Еске сала кетсек, Қазақстан университеттеріне жыл сайын 100-ден астам шетелдік ғалымдар келіп жұмыс істейді. Оларға оқу орындары 1 миллионға жуық жалақы төлейді. Жалақы оқу орындарының өз қаражаты есебінен төленеді.
Ал қазақстандық ғалымдардың қанша жалақы алатыны жөнінде ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда ғалымдарымыздың орташа жалақысы шамамен 250 мың теңгені құрайды. Профессор, докторлық қосымша тәжірибесі болатын болса 500-600 мыңға дейін барады.