Қашағандағы сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат жария болған соң қандай сұрақтар туындады

Жарияланды
Арнайы жобалар редакторы
Қашағандағы мұнай кен орнын игеруде жемқорлық болды ма? / Фото: shutterstock.

Қазақстанның Қашаған кен орнын игеріп жатқан мұнай компанияларына қатысты талап-арыздары 160 млрд долларға дейін өсті. Инвесторларға сыбайлас жемқорлық мәмілелерін жасағаны үшін қосымша 10 млрд доллар қосылып отыр. Мұндай ақпарат Bloomberg-ке шықты және бірден жұрт назарын аудартты. Деректерді қай тарап жариялады? Ақпарат беруші кімді нысанаға алып отыр? Бұл көкейдегі көп сұрақтың бір парасы ғана.

2024 жылғы 9 тамызда Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Қазақстандағы Қашағанның операторы – NCOC компаниясына қатысты шағымдар көлемі 10 млрд долларға өскенін хабарлады.

«Мемлекет кейбір мәмілелерде сыбайлас жемқорлық белгілері барын жариялағаннан кейін арбитражды шағымдар 160 млрд доллардан асып түсті», – делінген басылымда.

Келесі күні Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов өзінің телеграм арнасында атауы көрсетілмеген дереккөздерге сілтеме жасай отырып, керісінше сарындағы келесідей хабарламаны жариялады:

«Қазақстан қандай да бір жаңа талаптар қойған жоқ. Қашаған кен орнының операторына Қазақстан тарапынан қойылған сома ұлғайған жоқ. Себебі ол әуелде Қазақстан Республикасы қорытынды талаптарын есептеу формуласына енгізілген».

Журналист Олег Червинский «Бұл тұжырым мердігерлерді бөлу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдар қойылған талап сомасына бірден енгізілді дегенді білдіре ме?» деген сұрақ туындағанын алға тартып отыр.

«Егер дәл солай болса, онда бұл «Жаңа Қазақстанда» отандық мұнай-газдың әбден былғанған имиджін тазартуға шешім қабылдады деген үміттің отын тұтатады. Бірақ осы жерден екінші бір сұрақ туындайды: егер шағымдар ақша төлегендерге қатысты қойылса, оларды кім алғаны мұқият анықтала ма? Сыртқа дайындалған «кәуаптың» аспазы кім (Қашағандағы сыбайлас жемқорлық туралы журналистік тергеудің бірінде қатысушылар дәл осы сөзбен «ҚазМұнайГаз» басшылығын айшықтаған еді. – «Курсив»)?», – деп жазды Олег Червинский.

Схемада кімдер қалды?

Дау тараптары әдеттегідей талқылауға түсініктеме бермейді: арбитраж процесі құпия болып саналады. Бірақ бұл іс қатысушыларының қоғамдық алаңда сигнал алмасуына кедергі болмайды. Мәселен, бұл жолы Нұрлан Жұмағұловтың дереккөзі Bloomberg агенттігіне ақпарат ұсынған адамға «сәлем жолдады».

«Қазақстандық тарап бұл жарияланымдарды нақты қандай компания жариялағанын және қандай мақсатта жүзеге асыратынын біледі», – делінген Жұмағұловтың жарияланымында.

Сондай-ақ, Жұмағұловтың дереккөзі ақпараттық ойда жоқта жыл етуі «компанияның арбитраждан жеңілген жағдайда оның салдарына қатты алаңдайтынын көрсетеді», деп санайды. Өйткені жеңіліс тек қаржылық жағдайға ғана емес, сонымен қатар компаниялардың беделіне де әсер етеді.

Жаңа мәліметтер PACE Analytics аналитикалық компаниясының директоры Асқар Исмаиловқа да ой қозғауға мүмкіндік берді. Ол өзінің телеграм арнасында мынадай сұрақтарға жауап іздейтінін айтыпты:

«1. Қазақстандағы ірі кен орындарының қайсысына тағы шағымдар бар?

2. Аталған кен орнында Қашаған жобасына қатысушылардың қайсысы ұсынылған?

3. Жеңілген жағдайда арбитраждың салдары (қаржылық және бедел) кімге әсер етпейді?

4. Қандай компания сыбайлас жемқорлық мәмілелеріне қатысты фактілерге назар аудармас еді?».

Исмаилов аталған сұрақтарға қиылысатын шеңберлер схемасын қосып: «Соңында … ақпаратты таратып отыр деген қорытындыға келдім», деп жазды.

«Курсив» Исмаиловтан қай компанияны нұсқап отырғанын нақтылауды сұрады. Сарапшы бұл сұраққа жауап бере алмады. Ол өзінің қорытындысын құжат жүзінде растай алмайтынын алға тартты.

Алайда, схемаға назар аударсақ, Eni (Италия) және Shell (Ұлыбритания, Нидерланд) «тәуекел аймағына» кіріп отыр. Мұны Исмаилов қойған сұрақтарға жауап беру арқылы түсінуге болады.

«Цезарьдың әйелінен», яғни «ҚазМұнайГаздан» күдіктене алмаймыз: ұлттық компания әдеттегідей Қазақстан жағында. Теңіз бойынша арбитраж жоқ, бірақ Қарашығанақ бойынша бар. Қарашығанақ жобасына қатысы жоқ ExxonMobil, Total, CNPC, Intex компанияларына да күдікпен қарай алмаймыз. «Лукойл» мен Chevron да бұл санатқа жатпайды. Олар Қашағандағы жобада жоқ. Осылайша, схемада Eni мен Shell компаниялары қалып отыр.

Бір жағынан, мұнай-газ сарапшыларының айтуынша, Eni-ге сыбайлас жемқорлық тақырыбын қозғау тиімсіз. Өйткені компания Қашағандағы парақорлыққа қатысты күдікке ілініп үлгерді. Сондықтан мұндай жағымсыз дүние италиялықтардың беделіне көбірек нұқсан келтіруі мүмкін. Екінші жағынан, мұндай қадамдар Қазақстанның сенімділігіне селкеу түсіруі мүмкін. Мемлекет инвестициялық тартымдылықты сақтау үшін (немесе басқа да себептер бойынша) өз талаптарын төмендетуі ықтимал.

Қысқасы, шағым сомасын төмендету тек Eni-ға ғана емес, сонымен қатар Shell компаниясына да пайдалы болуы мүмкін. Сонымен қатар, Shell мен Eni арасындағы қарым-қатынас өте шиеленісіп тұр. Бұл консорциумның жұмысымен байланыста болғандар үшін аса бір құпия да емес. Сондықтан сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты жариялау және аталған мәселе бойынша іс жүргізу (қылмыстық тәртіппен жүргізу міндетті емес) италиялық компанияға «қажет болды» деп болжам жасауға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Қазақстан NCOC-қа талап-арыз берген болатын. Талап қоюдың мәні мынадай: республика 60 млрд доллар инвестиция сомасынан 2010-2018 жылдарға тиесілі 13 млрд доллар көлеміндегі «рұқсат етілмеген шығыстарды» шегеруді талап етті. Бұл талапқа Қазақстан 2024 жылы жіберіп алған 138 млрд теңге көлеміндегі пайданы қосып, шағым сомасын 151 млрд долларға дейін ұлғайтты.

Сондай-ақ оқыңыз