Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: АҚШ-тағы өнеркәсіптік өндіріс индексі, Ұлыбритания экономикасының өсуі, Қытайдағы тұрғын үй бағасының құлдырауы

Қор нарығына шолу / Shutterstock

АҚШ-тағы өнеркәсіп өндірісі шілдеде маусым айымен салыстырғанда 0,6%-ға төмендеді. Бұл ставканы жеделдетіп кеміту мүмкіндігін арттырады. Ұлыбритания экономикасы инфляцияның төмендеп, ақша-несие саясатының жеңілдеуі жағдайында қалпына келе бастады. Ал Қытайда тұрғын үй құрылысы секторындағы проблемалар әлі шешімін тапқан жоқ. Осы және өзге де тақырыптар туралы 15 тамыздағы шолуымыздан оқыңыз.

АҚШ-тағы өнеркәсіптік өндіріс 0,6%-ға төмендеді

АҚШ-та өнеркәсіптік өндіріс шілде айында (айдан айға дейін) 0,6%-ға төмендеді, деп хабарлады Bloomberg. Агенттіктің сауалнамасына қатысқан экономистердің орташа бағасына сүйенсек, өндіріс 0,3%-ға төмендеуі керек-тін. Өңдеу өнеркәсібі 0,3%-ға қысқарды, ал тау-кен және энергия өндірісінде өзгеріс жоқ. Коммуналдық кәсіпорындардағы өндіріс көлемі 3,7%-ға азайды.

Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінің төрттен үш бөлігін құрайтын Американың өңдеу өнеркәсібі жоғары ставкалар аясында қиындықтарға тап болып отыр. Сонымен қатар «Берилл» дауылы да көрсеткіштердің «шырқын» бұза түсті. Дүлей дауыл айдың басында Техастың шығысын шарлап, миллиондаған үйлер мен кәсіпорындардағы электр қуатын өшірді. Сондай-ақ кәсіпорындардың жабылуына және табиғи газ өндірісінің төмендеуіне әкеліп соқтырды.

Сонымен қатар АҚШ зауыттарындағы өндірістік қуаттардың жүктемесі 77,5%-дан 77,2%-ға дейін төмендеді. Өнеркәсіптік жүктеменің жалпы коэффициенті де 77,8%-ға дейін кеміді.

Бұл көрсеткіштер инфляция қарқынының баяулауымен қатар нарықтағы ставканың тез төмендеуіне деген сенімді нығайтады. Естеріңізге сала кетейік, сәрсенбі, 14 тамызда АҚШ-та шілде айындағы тұтыну бағаларының индексі туралы деректер жарияланды. Көрсеткіш 2021 жылғы наурыздан бергі ең төменгі мәнге – жылдық мәнде 2,9%-ға жетті.

АҚШ-тың тұрғын үй нарығы қалпына келе бастады

Freddie Mac есебі шілде айының соңынан бері алғаш рет АҚШ-тағы ипотекалық мөлшерлемелердің шамалы өскенін көрсетті, деп жазды Bloomberg. 30 жылдық тіркелген кредит бойынша орташа мөлшерлеме 6,49%-ды, өткен аптада 6,47%-ды құрады. Бұл бір жылдан аса уақыт ішіндегі ең төменгі мән болып саналады.

АҚШ-тың тұрғын үй нарығы федералды несие мөлшерлемесінің төмендеуін күтіп отыр, тиісінше осыдан пайда көре бастады. Несие құны «инфляция баяулай беретіндіктен, алдағы айларда да төмендеу үрдісін сақтауы мүмкін», – дейді Freddie Mac-тың бас экономисі Сэм Хайтер.

Нарықтағы жылжымайтын мүлік қоры көбейіп келеді. Redfin мәліметтеріне сүйенсек, кейінгі төрт аптада жаңа нысандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға өсті.

«Орта мерзімді перспективада экономика біртіндеп қалпына келеді және тұрғын үй қоры ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл күзде және қыста ипотекалық несие мөлшерлемелеріне төмен қысым көрсетуі керек. Әрі 2025 жылы үй сатып алушылар үшін әлдеқайда жақсы маусымға жол ашадый», – деді Realtor.com аға экономисі Ральф Маклафлин.

Қытайдағы тұрғын үй бағасы жаңа деңгейге дейін төмендеді

Қытайда жаңа тұрғын үйлердің бағасы тоғыз жылдағы ең жылдам қарқынмен төмендеп, жылжымайтын мүлік дағдарысын күшейтті, деп жазды Reuters. Ұлттық статистика бюросы (NBS) шілде айының қорытындысы бойынша елдегі жаңа ғимараттар 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға арзандағанын хабарлады.

Бір ай бұрын, маусым айында бұл көрсеткіш 4,5%-ға тең болған еді. Осылайша, төмендеу үрдісі жалғасып отыр. Баға 13-ші ай қатарынан төмендеп келеді. Үкіметтің қолдау шараларының көбі бағаны тұрақтандыруға қауқарсыз және тұтынушылардың секторға деген сенімін қалпына келтіре алмай отыр.

NBS зерттеген 70 қаланың ішінде тек екеуі (Шанхай мен Сиань) ғана жаңа ғимараттар құнының өскенін хабарлады. Шанхайда ғана қайталама тұрғын үй нарығында баға өскен. Осылайша, жылжымайтын мүлік дағдарысы әлемдегі екінші ірі экономикаға қатты әсер етіп жатқан жайы бар. Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылы ІЖӨ-нің 5%-ын қамту мақсаты басқа экономикалық көрсеткіштерді тұрақтандырылса да, тым өршіл болуы мүмкін.

«Біз әлі де жаңа қолдау шараларын күтеміз. Соның ішінде ірі қалаларда тұрғын үй сатып алу шектеулерін жеңілдету және ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі төмендету шараларын күтеміз», – деп атап өтті Goldman Sachs.

Ұлыбритания экономикасы қызмет көрсету саласының есебінен қалпына келе бастады

Ұлыбритания өткен жылғы рецессиядан кейін тұрақты қалпына келтіру қарқынын сақтап қалды, деп жазды Bloomberg. Елдің ІЖӨ-сі бірінші тоқсанда 0,7% өскеннен кейін екінші тоқсанда 0,6% өсім көрсетті, деп хабарлады Ұлттық статистика басқармасы.

Бұл көрсеткіш экономистердің болжамымен сәйкес келді және мемлекеттік шығындар мен қызмет көрсету секторының өскенін көрсетті.

Ұлыбритания Еуропаның ірі экономикаларының өсу деңгейінен сенімді түрде басып озып келеді. Бұл ретте инфляция жылдық мәнде 2% нысаналы мәнге жақындайды. «2024 жылдың екінші жартысы да ойдағыдай болады деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жалақы нақты мәнде өсіп жатыр және Англия Банкі ақша-несие саясатын жеңілдете бастады», – дейді PwC экономисі Джейк Финни.

Қызмет көрсету саласы өсудің негізгі драйверіне айналып, екінші тоқсанда 0,8% қосты. Бұл өнеркәсіптік өндіріс пен құрылыстағы 0,1%-дық құлдыраудың орнын толтырды. ІЖӨ-нің тоқсандық өсуіне ғылыми зерттеулер, IT-индустрия және заң қызметтері де үлес қосқанын ұмытпайық. Бұл бизнеске бағытталған бәсең инвестициялардың орнын толтыруға көмектесті.