Банк пен қаржы

Қазақстанда несие беру ережелері қатаңдатылды: соған қарамастан кредиттер көлемі 21,5%-ға өскен

Елде берілген несиелердің жалпы көлемі 37,2 трлн теңгені құрады
Несие көлемі 37,2 трлн теңгені құрады / Коллаж: kursiv.media

Қазақстанда берілген кредиттер 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 37,2 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Осылайша көрсеткіш 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 21,5%-ға ұлғайды.

«Қарыз алушылардың санаттары бойынша несиелердің жалпы көлемінің 46,5%-ы бизнес кредиттеріне тиесілі. 53,5%–ы халыққа берілген кредиттерге тиесілі», – деп хабарлады реттеуші.

Бұл ретте бизнеске берілген кредиттер өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 16,3%-ға артты. Оның көлемі 17,3 трлн теңгені құрады. Халыққа кредиттер 26,5%-ға 19,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір жылда 20,3%-ға 33,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ал шетел валютасында 36,4%-ға 3,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (оның ішінде оларды валюталық қайта бағалау есебінен). Кредиттердің жалпы көлемінің 85,6%-ы банк секторының кредиттері.

Еске сала кетсек, халықты несие мен қарыз ауыртпалығынан шығаруға бағытталған заң қабылданды. Президент заңға қол қойды. Соған сәйкес, азаматтар борышының өсуін болдырмау үшін мерзімі өткеніне 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынады. Алайда қарызды қайта қаржыландыруға бұл тыйым жүрмейді.

Әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынған еді.