Жаңалықтар

Жылдық инфляция 14 өңірде қарқын алып, 2 облыста өзгеріссіз қалды  

Инфляция
Инфляция 4 өңірде баяулады / Архив: kursiv.media

Қазақстанда шілдеде жылдық инфляция қарқын алып, 8,6%-ға дейін өсті. Маусымда көрсеткіш – 8,4%-ға тұрақтаған еді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.

Жылдық инфляцияның өсуі 14 өңірде тіркелді, 4 өңірде баяуласа, 2 өңірде өзгеріссіз қалды.    

Шілдеде азық-түлік тауарларының бағасы 5,5%-ға дейін жеделдеді (маусымда – 5,4%). Осы топтағы тауарлар бағасының максимал өсімі Алматы қаласында (8,1%), ал төмен өсім Түркістан облысында (3,0%) байқалды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 7,3%-ға дейін баяулады (маусымда – 7,4%). Максимал көрсеткіш – Маңғыстау облысында (13,6%), ең аз көрсеткіш – Алматы облысында (5,1%) тіркелді.

Шілде айында ақылы көрсетілетін қызметтердің құны 14,5%-ға дейін жеделдеді (маусымда – 13,8%). Бұл ретте Павлодар облысында (18,8%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары болды. Ал Ұлытау облысында (10,2%) айтарлықтай төмен тіркелді.

«Шілде айында ел бойынша айлық инфляция 0,7%-ға өсті. Бұл – тарихи орташа мәнінен төмен (2017-2021 жылдардағы шілдеде – 0,3%)», – деп хабарлады бас банк.

Айта кететіні, қызмет көрсету бағасы тұтынушылық инфляцияның жеделдеуіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Жылдық динамика азық-түлік бағасынан үш есе, ал азық-түлік емес тауарлар бағасынан екі есе күшті. Қызмет көрсету саласында инфляцияға басты әсер ететін сала – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық.

Алайда қызмет көрсету саласындағы инфляцияға тек ТКШ ғана әсер етпейді, мамыр айынан бастап шілде айы аралығында бұл қызметтердің инфляцияға «қосқан» үлесі 2,34 %-дан 2,27%-ға қысқарған. 

Еске сала кетсек, сарапшылар 16 айда алғаш рет тұтынушылық инфляцияның жылдық мәндегі тренді өзгергенін хабарлады. Олардың пайымынша, инфляцияның тағы қарқын алуына бизнес шығындары мен бюджет шығындарының өсуі себеп болып отыр.