Жаңалықтар

АЭС құрылысы: Алматыдағы жария талқылау да дау-дамаймен аяқталды

Коллаж: kursiv.media және бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласында өткен АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау, әдеттегідей, атом энергетикасының жақтастары мен қарсыластары арасындағы қызылкеңірдек тартысқа ұласты. Атом энергетикасының ұтымды тұстарын айтып жатқан спикерлердің сөзін бөлуге ұмтылғандар болды. Әсіресе, екі тұрғын аса белсенділік танытты. Тіпті, қос тараптан екі әйел орындыққа таласып, жиынның шырқын бұзды.

Қос тараптың айтысы айғай-шумен шектелмеді. Ұран көтеруден де өзара сайысқа түсіп кеткені байқалды. Жиынға келген көпшіліктің арасынан «Қазақстан халқы АЭС бойынша референдумға қарсы» деген жазуы бар бір жапырақ қағаз көрінді. Мұның артынша көпшіліктің ішінен дереу «Атом стансасы салынсын!» деген ұран пайда болды.

Жетекші мамандар алматылықтарға атом стансаның салудың пайдасы туралы айтты. Қазақстанда энергия тапшылығы, энергия тұтынуда көрші елдерге тәуелділігіміз, ғаламдық жылыну мәселелері және тағы да басқа деректер келтірілді. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз амалы – АЭС салу.

Десе де қарсы топ бұл уәжге тоқтамады. Жиынды «жария талқылау емес, атом стансасын жарнамалау, үгіт-насихат» деп айыптады.

Талқылауды ұйымдастырушылар атом энергетикасына теріс қарайтын эколог Мэлс Елеусізов пен энергетик Әсет Наурызбаевқа көпшілік қолқа салып қоймаған соң ғана, лажсыздан сөз берді.    

Әрине, жиын осылай өтетінін күні бұрын болжау қиын емес еді. Өйткені бұл – өте даулы мәселе. Атом энергетикасына қарсы топтар мен жақтастары ымыраға келмейтін екі қосын екені де аян. Тіпті, бүкіл әлемде солай.  

Жиынға Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазин, Алматы қаласының экология департаментінің, энергетика басқармаларының басшылары, қалалық мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова, «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың директоры  Ерлан Батырбеков, Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев он минуттық баяндамасын оқыды.

Қазақстан да бір емес, екі атом стансасын салу жоспарланып отыр. Бірі Абай облысындағы Курчатов қаласының маңына, екіншісі Алматы облысының Үлкен ауылында салынуы мүмкін.

«Үкіметтің тапсырмасы бойынша екі аймақ зерттелді. МАГАТЭ атом энергетикасы жөніндегі халықаралық ұйымның нұсқаулары бойынша көп құжат басшылыққа алынып, жұмыс жасалды. Екі аймақ та атом стансасын салуға жарамды», – деді Тимур Жантикин. 

Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова елімізде көмірмен жұмыс істейтін стансалардың үлесі 70 % екенін алға тартты.

«Көмірмен жұмыс істейтін стансаларға халықаралық ұйымдардан қаржы бөлінбейді. Өйткені, көмірқышқыл газын көп шығарады. Сондықтан олардың орнына атом электр стансаларын салуды қарастырып жатырмыз. Референдум оң нәтиже бергенде ғана АЭС салынады», – деп сендірді  Гүлмира Мұрсалова.

 «Электр энергиясын өндіру – инженерлік мәселе. Атом стансасын салсақ, ұрпақтарымыздың үш-төрт буыны үздіксіз электр энергиясын алады. Одан кейінгі буындар тау-тау радиоактивті қалдықтарды күзетуге тура келеді. Ал күн панельдері мен жел диірмендерін шөлге апарып тастай саласың. Олардан ешқандай қауіп жоқ», – дейді энергетика жөніндегі сарапшы Әсет Наурызбаев.

Атом стансасын салуға үзілді-кесілді қарсы Мэлс Елеусізов Балқаш көлінің болашағына алаңдаушылық білдірді.

«Атом стансасы ешқашан таза болған емес. Онда түрлі нәрсе бар. Чернобыль мен Фукусима апаты көз алдымызда болды. Алдында – Запорожье стансасы, қазір – Курск стансасы. Енді Балқашқа біреуін әкелмек», – деп эколог наразылық білдірді.

Жиын соңында, алматылықтар мамандарға тікелей сауал қоюға мүмкіндік алды. Бірақ сұрақтардың дені «қолдаймын» немесе «қарсымын» деген тұжырыммен аяқталып жатты. Десе де, ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев атом энергиясынан қауіптенетін адамдарға басу айтып, Алатау елдімекеніне келуге шақырды. Алматының дәл іргесінде 60 жылдан бері ядролық реактордың қалай жұмыс істеп тұрғанын көрсетуге уәде берді.