Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі інісі Қайрат Сатыбалды шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығады. Оған пробациялық бақылау белгіленіп отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан соттарының ресми парақшасында жария етілді.
Сотталушы өтініш хат жазып, жазасының өтелмеген бөлігін жеңіл түрге ауыстыруды сұраған. Ол үшін заңның барлық талабын орындағанын атап көрсеткен. Оң мінездемесін, үкім бойынша залалдың орнын толтырғанын, 700 млрд теңгеден астам мүлікті және өзге де қаражатты өз еркімен мемлекетке қайтарғанын айтқан. Сот оның өтінішін қанағаттандырған.
«Сот қаулысымен оған мынадай міндеттер жүктелген: соттың қаулысы тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне заңды күшіне енген күннен бастап, 10 күн ішінде есепке қою үшін келу, сотталған адамның (пробация қызметінің) мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау, басқа да міндеттерді орындау сотталғанды түзеуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал етеді», – делінген хабарламада.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Оған шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
Ал әлеуметтік желіде Қайрат Сатыбалдының құқық қорғау органы қызметкерлерінің жанында отырып, жасаған бейне үндеуі жарияланды.
«Қадірлі қазақ елі! Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуы тиіс. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген сөз бар халқымызда. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша органдарға көмектесіп, заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл – мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң, енді ешкім елдің ырысын сыртқа шығармайды. Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп, біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірге жұмыс істеуіміз керек. Мен президентіміздің жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын. Заңсыз капиталдың тиынына дейін елге қайтарылды. Тәртіп болуы тиіс. Халықтан, кезінде тісім батқан адамдардан және Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын», – деді Қайрат Сатыбалды.
Мұның алдында, Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алатынын жазған едік. Сонымен қатар ол 192 млн теңгелік Rolls-Royce, 20 млрд теңгелік вилла және өзге де активтерді қайтарған болатын. Ал Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған Kaisar Tower бизнес орталығы қыздар университетіне берілген еді. Сонымен қатар БАӘ, Аустрия, Лихтенштейннен 356 млн доллар қайтарған. Барахолкадағы құрылысы аяқталмаған павильон мен бизнес орталығын мемлекетке қайтарғысы келетінін, өзіне тағылған айыпты толық мойындағанын жазғанбыз.