Lifestyle

TIME журналы: 15 жасар ғалым Хеман Бекеле – жыл баласы

 

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

TIME журналы жас ғалым Хеман Бекелені «2024 жыл баласы» номинациясының иегері деп белгіледі. 7 жасында-ақ шөптен дәрі қайнатып жүрген бала бүгінде әжептәуір ғалымға айналған.

Алғашында үйінде бар нәрселерді араластырып көруден басталған қызығушылық бүгінде үлкен іске айналды. «Әуелде ыдыс жуатын сұйықтық сияқты қарапайым нәрселерді араластырдым. Төсегімнің астына тығып, түнімен тұрса не шығады деген қызығушылық болатын. Содан кез келген кездейсоқ нәрселерді араластыра бердім», – дейді Хеман. Бірақ барлығы тек қызығушылық деңгейінде қалып қоймаған. 7 жасқа толғанда Хеманға химияға арналған жиынтық сыйлаған. Онда натрий гидроксиді болған. Интернеттен химиялық қосылыстар туралы іздеп, алюминий мен натрий гидроксиді қосылса, жылу бөлетінін біліп алған. Сол ақпаратты білгеннен кейін, әлемге одан да үлкен дүние сыйлау туралы ой келеді. «Сол кезде әлемдегі энергия тапшылығы мәселесін шешуге болады деп ойладым. Бірақ үйді өртеп жібере жаздадым», – дейді жас ғалым. Содан кейін ата-анасының бақылауы күшейеді.

Үлкендердің бақылауы тек ана-анасымен шектелмейді, жас ғалым түрлі байқауларға қатысып, жақсы жүлделер де жеңіп үлгерген. Жасы 15-ке келген жеткіншекті былтыр 3M мен Discovery Education компаниялары жас ғалымдар сайысында үздік деп танып, 25 мың АҚШ доллары көлемінде сыйлық берген. Хеман Бекеле болашақта тері обырының түрлі формасының алдын алуы мүмкін сабын дайындаған. Хеман Бекеле қазір Вирджиния штаты Фэрфакс ауданындағы Удсон орта мектебінде 11-сыныпта оқиды. Күнде Балтимордағы Джонс Хопкинс университетінің Блумберг Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің зертханасына жұмысқа барады. Оқу бастаса, зертханадағы жұмысы сирейді, дегенмен жас ғалым арманына жақындауға асығатынын айтады.

Дәл осы арманы Хеманды ерекшелеп, TIME журналының «жыл баласы» ретінде таңдауына түрткі болды. Хеман аддис Абабада туған, кейін 4 жасында отбасымен АҚШ-қа көшкен. Ол ең алғашқы естеліктерінің бірі аптап күнде еңбек ету екенін айтады. Ата-анасы Хассет, Лию есімді әпкелері мен Хеманге күннен бүркеніп қорғануды үйреткен. Оған күн астында қорғанбай ұзақ жүру – денсаулыққа зиян деп түсіндірген. «Кішкентай кезімде мұның маңызын түсінбедім. Америкаға көшкен соң күн мен ультракүлгін сәулесінің қандай үлкен проблемаға айналуы мүмкін екенін көрдім», – дейді ол.

Бірнеше жыл бұрын имикуимод деп аталатын тері обырымен күресуге арналған дәрі туралы білген. Мұндай қиын күресте дәрі жақсы нәтиже көрсетіп үлгерген. Әдетте оны крем ретінде шығарады, аурудың бас кезінде қолдануға береді. Сол кезде Хеманда мұны обырдың ең алғашқы деңгейлерінде көпшілікке қолжетімді дүниеге айналдыруға болмас па деген ой туады. Сабынды нағыз таптырмас жол деп санайды. Өйткені тері ауруларын емдеуге әдетте 40 мың доллар көлемінде қаражат қажет, ал сабын – көпшілікке қолжетімді дүние. «Сабын – күнделікті қолданылатын зат. Сондықтан тері обырымен күресте тиімді нәрсе деп ойлаймын», – дейді ол.

Дегенмен ойдың іске асуы әп-сәтте бола қоймайтыны анық. Идеяны шынайы затқа айналдыру әдеттегі араластыра салудан қиынырақ әрі ұзақ болып шықты. Өйткені имкуимодты сабынмен араластырғанмен, дәрінің емдік күші қол жуып жатырғанда сумен шайылып кете берер еді. Сондықтан сабынды теріде қалатын нанобөлікпен араластыру керек болды. Бұл жерде Хеманның идеясы шектеліп қалды. 2023 жылы 3M компаниясының байқауына қатысып, идеясының видеосын жолдайды. Кейін компания басшылары оны бас кеңсеге шақыртады. Басшылар оны жеңімпаз ретінде таңдайды. Хеман 25 мың доллар көлеміндегі сыйлықтың зерттеуді жалғастыруға жол ашатынын түсінгенімен, кәсіби зертхана қажеттілігі туралы ойланады. Ақыры Melanoma Research Alliance компаниясы ұйымдастырған іс-шараға қатысып, сонда Балтимордағы Джонс Хопикнс университетінің молекулярлық биолог, доценті Вито Ребеккамен танысады.

«Тері обыры туралы айтып жүрген кішкентай бала туралы оқығаным бар. Бұл бірден қызығушылығымды оятты. Оның ойы, көпшілікке қолжетімді дүние жасағысы келгені қуантты. Кейін меланоманы зерттеу бойынша альянс кездесуінде альянс директоры мені Хеманмен таныстырды. Хеманды көре сала жанып тұрғанын байқауға болады. Бізге жақын қалада тұратынын біліп, зертханамыздың есігі әрдайым ашық екенін айттым», – дейді Ребекка. Солай, бірлескен жұмыс бастап, Ребекка Хеманның бас зерттеушісі ретінде тағайындалады. Жарты жылдан бері Ребекка мен Хеман тышқандарға тері обырының штамдарын енгізіп, имикуимод қосылған сабынды қолдануға дайындап жүр. Хеман бұл жұмыстың басы ғана екенін түсінеді. Өйткені сабынды тестілеуді айтпағанда, нәтижесін берсе, оны патенттеу, FDA сертификатын алу сияқты қадамдар бар. Ал оған кемі 10 жыл уақыт қажет. 10 жыл өткеннің өзінде Хеман тек 25-ке толып жатады. 25 жаста медицина факультетінің түлегі аспирантураны бітіріп те үлгермейді. Сондықтан бұл уақытты бос кетті деуге болмас.

Жас бала зерттеу жүргізіп қана қоймай, идеясын көпшілікке таныстырумен де белсенді айналысады. Маусымда Бостондағы Тсонгас орталығында өткен Болашақ дәрігерлер мен ғалымдар ұлттық академиясының жиынында 8000 көрерменнің алдында сөз сөйледі.

Бұдан бөлек Хеман Удсон мектебінің үрмелі аспаптар оркестрінде флейтада ойнайды. Баскетбол ойнап, кітаптан бас алмайды екен. Демалыс қаласа шахмат ойнағанды жөн көреді. Осындай жетістікке жетелеген, негізін қалап берген ата-анасына риза. Анасы Мулуемебет – мұғалім, әкесі Уондуоссен АҚШ Халықаралық даму агенттігінде кадр маманы болып қызмет етеді. Балаларының болашағы үшін басқа елге көшуі Хеленді оқуға құштар, мүмкін емес дүниелерді іске асыруға асық етеді. Білім жолында ата-анасы мен Ребеккадан бөлек 3М компаниясындағы тәлімгері Дебора Иабель де көп көмектеседі. Өз жетістігі туралы сөз қозғала қойса, «Менің істегенім кез келгеннің қолынан келеді. Келген идеяны іске асыруға тырысып қана жүрмін», – деп қарапайымдылық танытады. Дегенмен медицина, жасанды интеллект, технологиядағы жетістіктер қарқыны алаңдататынын да жасырмайды. «Адамдар бар қызықты көріп тастағандай көрінеді. Сондықтан көбі әлемде табылатын заттың бәрі ойлап табылды деп ойлайды. Жоқ, идеяның шегі жоқ. Әлемді жақсартуды жалғастыра беру керек», – дейді жас ғалым.