2024 жылдың 21 қазанынан бастап ауруханалар мен емханаларда емделгенде, науқастың денсаулығына зиян келген жағдайда науқастарға сақтандыру төлемі жүргізіле бастайды. Нақты дәлел келтірілсе, өтемақы төленеді.
Мұндай тәжірибе Қазақстан Республикасында бұрын болған емес.
2024 жылдың сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Президент қол қойды.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде төрт жаңа бап қолданысқа енді: 270-1, 270-2, 270-3 және 270-4.
Кодексте медицина қызметкерлерінің кәсіби сақтандыру жауапкершілігіне қатысты ережелер бар. Бұл нормалар заң жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң – 2024 жылғы 21 қазанда қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабының 12-тармағы бойынша ота кезінде хирургтың немесе анестезиологтың қателігінен зардап шеккен адамды қорғау көзделген («Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зиянды өтеу үшін»). Бұл бап, өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 9-бабымен реттеледі.
Яғни зардап шеккен науқас емдеу мекемесінің үстінен сотқа шағымдана алады. Ол үшін алдымен істің мән-жайын анықтауға арнайы сарапшы комиссия құрылады. Оған емделушінің туысы немесе өзі қатысады. Егер жәбірленуші сарапшылар қорытындысымен келіспесе, медициналық қызмет саласындағы өкілетті мемлекеттік мекемеге шағымданады немесе сот органына арыз жазады. Алгоритм бойынша алдымен комиссия шешім шығаруы тиіс, содан кейін ғана арыз иесі сотқа жүгіне алады.
Өтемақыны қателік жіберген нақты дәрігер емес, ол жұмыс істейтін аурухана өтеуге тиіс. Өйткені аурухана заңды тұлға ретінде емделушіге келісімшарт бойынша қызмет етеді. Мекеме сақтандыру жүйесі арқылы науқасқа залалды өтейді.