«Қазгидромет» еліміз бойынша қыркүйек-қараша айларына арналған ауа райының консультативтік болжамын жасады. Синоптиктер қыркүйектің бірінші онкүндігінде ғана күн райы жылы болып, жауын-шашын аз болатынын мәлімдейді.
Содан кейін атмосфералық фронттардың жиі өзгеруінен республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Әсіресе, жаңбыр, екпінді жел және ауа температурасының жиі ауытқуы күтіледі. Ал елдің солтүстік аймақтарында түнде 1-7°C дейін үсік жүреді.
«Оңтүстік өңірлерде жоғары қысымды аймақтың әсерінен жауын-шашын нормадан аз болады деп болжануда және температура фоны салыстырмалы түрде жылы болып қалады. Алайда ай бойы ауа температурасы: түнде + 15 +23°С-тан +3 +10°С-қа дейін, ал күндіз+25 +35°С-тан +15 + 23°С-қа дейін біртіндеп төмендейді. Қыркүйек айында ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде, батыста, еліміздің қиыр шығысындағы және оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда норма шамасында болжануда»,- деп хабарлады «Қазгидромет».
Қыркүйек айында жауын–шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде қалыпты шамада, кей аймақтарда мөлшерден көп болады деп болжануда. Ал елдің оңтүстік аймақтарында жауын-шашын аз болады.
Синоптиктердің хабарлауынша, қазан, қараша айларында біртіндеп қыстың лебі сезіле бастайды. Жалпы алғанда республиканың басым бөлігінде ауа температурасы алдағы жылдармен салыстырғанда әдеттегіден төмен болады. Ал жауын-шашын мөлшері еліміздің барлық дерлік бөлігінде норма шамасында және нормадан көп болады деп болжануда. Тек еліміздің оңтүстік-батысы мен орталығында, жауын-шашын нормадан аз болмақ.