Аудит қорытындысы: Астананың жергілікті атқарушы органдары 32 млрд теңгеден астам қаржылық заң бұзушылыққа жол берген

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Елордадағы мемлекеттік секторлардың жұмысында бірқатар жүйелік кемшіліктер анықталды / Фото: kursiv.media 

Астана әкімдігі мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарынан 32 миллардтан астам қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасымен аудит жүргізген қалалық тексеру комиссиясы осындай дерек ұсынды.

Астана қаласының тексеру комиссиясы мемлекеттік мекемелердің борыштық басқарылу тиімділігіне аудит жүргізу барысында бірнеше заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, бюджеттік кредиттеуде қаржылық-экономикалық негіздемелері сапасыз әзірленген. Сондай-ақ олар бойынша қажетті сараптамалар жасалмаған. Кредиттік қаражатты қайтармау тәуекелдері де анықталды.

«Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша 32,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 50,3 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау, 1,5 млрд теңгеге тиімсіз пайдалану анықталды. Ықтимал қаржылық шығындар 32,5 млрд теңгеге бағаланып отыр,» – деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.

Тексеру шараларының нәтижесінде 160 рәсімдік бұзушылық және 12 жүйелік кемшілік болғаны да расталды.

Өткен жылдың қазан айында Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік, мемлекет кепілдік берген борышты, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері борышының басқарылуына қатысты мемлекеттік аудит жүргізген. Аудит барысында мәлім болғандай, соңғы 5 жылда жергілікті атқарушы органдардың жалпы борышы 2,5 есе ұлғайған. Аудиторлар мұны бақылау тиімділігінің төмен болуымен байланыстырады. Өңірлер кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмай отырғанын да мәлімдеді.

Биыл 12 тамызда Жоғары аудиторлық палата «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» (НЗМ) 2019-2023 жылдары бюджет қаражатын қалай жұмсағанына қатысты аудит нәтижелерін жариялаған еді. Тексеріс нәтижесінде ақшаның тиімсіз жұмсалуы, тендер өткізудегі былықтар мен маңызды жобаларға бөлінген қаржының игерілмеуі сияқты фактілер анықталды. Ал палата төрағасы Әлихан Смайылов қаржыны пайдалану мәселесінде НЗМ ашықтық көрсетпей отыр деп мәлімдеді. 

Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты «Ұлттық аккредиттеу орталығы» да аудит тексеріснен кейін, әкімшілік жауапкершілік пен айыппұл арқалаған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз