Алматыда көліктерді сынақтан өткізбей-ақ қауіпсіздік куәлігін берген зертханалар жазаға тартылды ма?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Сынақ зертханаларына 11,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды / Фото: kursiv.media 

Алматыдағы бес бірдей сынақ зертханасы 11,7 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Өйткені зертханалар көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (КҚКҚК) берер алдында көліктерге сынақ жүргізбеген. ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматыдағы департаменті жоспардан тыс тексеру кезінде осындай құқық бұзушылық фактісін анықтады.

Мамандар тексеру барысында зертханалар берген Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент (КО ТР 018/2011) талаптарының бұзылғанын анықтады.

«КО ТР 018/2011 сәйкес аккредиттелген сынақ зертханалары көлік құралын тексеруді, соның ішінде нөмір бойынша сәйкестендіруді, құрылымдық техникалық сараптаманы, сондай-ақ қажетті сынақтар мен өлшемдерді жүргізуге міндетті. Осы рәсімдердің нәтижелері бойынша хаттама және КҚКҚК жасалады», – деп хабарлады Техникалық реттеу және метрология комитеті. 

Алайда бұл зертханалар КҚКҚК берер алдында көлік құралдарына сынақтар жүргізбеген болып шықты. Осылайша бес бірдей зертхана «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» және «Техникалық реттеу туралы» заңдардың өрескел бұзылуына жол бергені расталды. Департамент заңсыз берілген куәліктердің күшін жойды.

«Сынақ зертханаларына жалпы сомасы 11 690 718 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, аккредитация куәліктері алты ай мерзімге тоқтатылды», – делінген хабарламада.

2023 жылдың соңында Көлік министрлігі көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу рәсіміне уақытша өзгеріс енгізген еді. Көлік министрлігінің хабарламасында міндетті техникалық байқау жүргізу кезінде диагностикалық картаға автомобильге орнатылған газ баллонының сериялық нөмірін енгізу туралы талап уақытша тоқтатылғаны түсіндірілген.

Сондай-ақ оқыңыз