Балқаш қаласындағы демалыс орындарының бірінде адамдар жаппай уланып ауруханаға түсті. Жауапты мекемелер болса зардап шеккендер саны туралы екі түрлі мәлімет беріп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ауруханаға 14 адам түскен. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегі басқа. СЭС мамандары 29 азамат медициналық көмекке жүгінгенін айтады.
Қарағанды облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, науқастардың жағдайы орташа ауыр. Улану оқиғасы Балқаш қаласындағы «Досжан» отбасылық демалыс аймағында болған. Департаменттің бас маманы Айгүл Шатекова аталған оқиғаға қатысты «Курсив» сауалына жауап берді.
«16 тамызда жіті ішек инфекциясына күдікпен 29 адам медициналық көмекке жүгінген, қазіргі уақытта оның ішінде 18 науқас стационарлық емделуде. Балқаш қалалық санэпидбақылау басқармасының мамандары эпидемияға қарсы іс-шараларды бастады, ошаққа шығу ұйымдастырылды, оның ішінде науқастар арасында сауалнама жүргізілді», – деп хабарлады.
Бас маманның айтуынша, зертханалық зерттеулер жүргізу және тергеу шаралары басталған. Сондай-ақ материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Балқаш қаласының полиция бөліміне берілген.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы аурухана басшысы берген мәліметті ұсынды. Балқаш қаласындағы көпсалалы аурухананың директоры Серікбол Тусупбековтің айтуынша, инфекция бөліміне 14 адам жеткізілген. Оның 9-ы бала.
«Олардың жағдайы орташа интаксикация және ішек синдромына байланысты пациенттерге қажетті ем мен сараптамалар тағайындалды. Ауруханадан бас тартуына байланысты қазір динамикалық бақылау үшін палаталарға орналастырылды. «Жіті ішек инфекциясы» диагнозымен инфекциялық стационарға түскендерге санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шұғыл хабарламалар жіберілді», – деп жауап берді аурухана директоры.
Былтыр осы уақытта Қарағанды облысындағы әлеуметтік орталықта балалар жаппай уланып, бір бала көз жұмған болатын. Алты бала бірден жансақтау бөліміне түскен еді.