Нидерланд прокуратурасы қазақстандық лауазымды тұлғаға пара берді деп шетелдік мердігерден күдіктеніп отыр. Бұл Назарбаевтың күйеу баласы болуы мүмкін

Жарияланды
Арнайы жобалар редакторы
Фото: Noordzee Prorva/Bert Visser

Назарбаевтар әулетінің бір мүшесі Follow the Money тергеуінен төбе көрсетті. Журналистердің айтуынша, Нидерланд прокуратурасы түпті тереңдететін Van Oord компаниясынан күдіктеніп отыр. Аталған компания Каспийде сыбайлас жемқорлық схемасы арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік алған болуы ықтимал.

2024 жылдың 4 наурызында Швейцария соты Aks Group Holding шағымын қабылдаған жоқ. Компания Швейцария билігінің Нидерланд прокуратурасына көмектесуіне қарсы болды. Көмек беру туралы сұрау хат 2020 жылдың тамызында Нидерландтағы Van Oord компаниясына қатысты қылмыстық тергеу аясында жіберілді. Мұны Follow the Money-дің журналист-тергеушілері анықтады.

Журналистердің жазуынша, Нидерланд прокуратурасы Швейцария билігінен Akas Group Holding-тың банк операциялары туралы ақпарат беруді сұраған. Прокурорлар бұл компанияның шоттарында Van Oord-тың Қазақстандағы агентіне төлеген ақшасы болды деп санайды. Болжамға сәйкес, бұл қаржы күрделі схема арқылы шетелдік лауазымды тұлғаларға пара беруге жұмсалған. Олардың арасында Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеу баласы да бар.

24 млн еуро төлеген

2015 жылы бүкіл әлем бойынша теңіздегі құрылыспен айналысатын нидерландтық Van Oord Қазақстаннан келісімшарт алды.

«Van Oord түпті тереңдету компаниясының операциялық директоры Пол Верхол 2015 жылдың желтоқсанында Премьер-министр Марк Рюттенің қасында жарқырап тұрды». Follow the Money «ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымы «ТеңізСервис» ЖШС-мен келісімшартқа отырған Van Oord қызметкерінің реакциясын дәл осылай суреттепті. Келісімшарт сомасы – 470 млн еуро.

Van Oord компаниясының 2015 жылғы есептеріне қарағанда, компания Қазақстанда екі жобамен айналысқан. Біреуі Қашаған кен орнымен байланысты. Van Oord құбырларды төсеу үшін 3 шақырымдық арна жасаған. Екінші жоба Теңіз мұнай-газ кен орнымен байланысты. Дәлірек айтсақ, Прорва түбегінің төңірегіндегі Каспийде 68 шақырымдық теңіз каналын жасау жүктелген. Арна кемелердің тиеу-түсіру кешеніне жақындауына арналған.

Келісімшарт алу үшін Van Oord Қазақстанның іскерлік ахуалын білетін агентті жалдаған. Мұндай агенттерді жалдау халықаралық компанияларда кеңінен таралған. Делдалдар беймәлім экономикалық ортаға бейімделуге көмектеседі. Бірақ агенттер де белгілі бір дәрежеде тәуекелге барады. Сондықтан 2017 жылы Van Oord өзінің делдалдарына қатысты комплаенсты күшейтті. Компанияның 2017 жылғы есебінде айтылғандай, бұдан кейін бірнеше агентпен келісімшарт ұзартылмаған. Ал біреуі келісімшартты мерзімінен бұрын бұзған.

Агентке ынтымақтастықты мерзімінен бұрын тоқтатқаны үшін айыппұл ретінде 5 млн еуро және бәсекелестікке түспегені үшін 19 млн еуро төленді. Есепте компания «өзін-өзі әшкерелеп» алғандай: бәсекелестікке түспеу туралы мәміле заңнамаға сәйкес келмеуі мүмкін. Өйткені ол дереу дәлелденетін нақты негіздің жоқтығына қарамастан жасалған. Есепте агенттің ақша орнына нені уәде еткені нақтыланбаған.

Follow the Money-дің жазуынша, Van Oord агентке жоба айналымының шамамен 2%-ын сыйақы ретінде төлеген (қандай жоба туралы екені белгісіз). 2015 және 2016 жылдары «қаламақы» шамамен 4,9 млн долларды құрады.

Агент өзінің 2%-ын ала берер ме еді, бірақ Van Oord агенттен ақшаның соңғы бенефициары кім екенін сұраған. Әлбетте, агент толық ақпаратты айтқысы келмеген. Сөйтіп, онымен біржола қоштасып, жоғарыда айтылғандай, барлығы 24 млн еуро төлеген.

Журналистердің пайымдауынша, миллион долларлық төлемдер туралы ақпаратты Нидерланд прокуратурасына Van Oord-пен бірлесіп жұмыс істейтін бухгалтерлік фирма берген. Нидерландта бухгалтерлер, заңгерлер және нотариустар күдікті транзакциялар туралы билікке хабарлауға міндетті.

«Дәл осы төлемдер прокурорлардың Van Oord шетелдік шенеунікке пара берді, алаяқтық жасады және ақшаны жылыстатты деген күдігін туғызды. Прокуратура агентпен жасалған келісімшарт «шын мәнінде жалған әрі сыбайлас жемқорлықпен жасалған төлемдерге заңдылық сипат беру мақсатын ұстанды», деп күдіктеніп отыр», – делінген Follow the Money жазбасында.

Агент 00

Follow the Money материалында Van Oord-пен арадағы келісімшартты «кенеттен» бұзған агенттің қандай компания екені айтылмаған.

Follow the Money жазбасы да, Швейцария соты шешімінің мәтіні де Нидерланд компаниясынан күдікті аударымдарды тағайындаған шетелдік кім деген сұраққа нақты жауап бермейді. Бұл істің «елдің бұрынғы президентінің күйеу баласына», яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетіне байланысты екендігі туралы нұсқау ғана бар.

«Бұрынғы елбасының» үш қызы бар. Дариға Назарбаеваның (үлкен қызы) бірінші күйеуі Рахат Әлиев 2015 жылдың басында қайтыс болды және оның Қазақстанның мұнай-газ саласына ешқашан қатысы болған емес. Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуі Қайрат Шәріпбаев делініп жүр. Оның газ саласындағы мансабы 2002 жылы «Intergas Central Asia» ЖАҚ газ тасымалдау департаментінің басшысы қызметінен басталып, 2022 жылы QazaqGaz ұлттық компаниясы басшысының креслосында аяқталды.

Динара Назарбаеваның (ортаншы қызы) жұбайы Тимур Құлыбаев мұнай-газ саласында 1997 жылдан жұмыс істей бастады. 2012 жылдан бері Forbes Kazakhstan оның ауқымды мұнай-газ активтерін есепке ала бастады.

Әлия Назарбаева (кіші қызы) 2015 жылы үшінші рет тұрмысқа шықты. Оның таңдауы 2004 жылдан бастап Қазақстанның мұнай секторында жұмыс істеген Димаш Досановқа түсті. 2022 жылы ол «ҚазТрансОйл» кәсіпорнындағы қызметінен босатылды.

Follow the Money тек Тимур Құлыбаев туралы толық ақпарат ұсынып, оны «Қазақстан қазба секторының бас кейіпкері» деп атайды. Алайда басылым прокуратураның тергеуіндегі адам дәл осы екенін ашық айтпайды.

Van Oord компаниясы «Курсивтің» сұрақтарына жауап беруден бас тартты. «ҚазМұнайГаз» тергеу жүргізу және оның нәтижелері туралы ақпарат жоқ екенін әрі аталған мәселе бойынша шетелдік биліктерден ресми сауалдар алмағанын мәлімдеді.

«ТеңізСервис» ЖШС мен Van Oord компаниясы арасындағы келісімшарттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы негізінде, сондай-ақ тапсырыс берушілер – шетелдік және халықаралық инвесторлар белгілеген тәртіпке сәйкес ашық түрде жасалды. Тергеудің ҚМГ немесе «ТеңізСервис» ЖШС үшін ықтимал салдарын бағалауды оның нәтижелері туралы уәкілетті органдардан ресми ақпарат алынғаннан кейін ғана беруге болады», – деп толықтырды ҚМГ.

Follow the Money Швейцария прокуратурасынан оның «заң көмегіне сұраныс жүргізіп жатқандығы» туралы растау алды. Яғни, Akas Group қаламаса да, Нидерланд прокурорлары компанияның транзакцияларына қол жеткізе алады. Бұл агентке төленген ақшаның түпкілікті бенефициары болған адамға жол бастап баруы мүмкін.

Нидерландтағы Transparency International сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұйымының қызметкері Лотте Ройендейктің айтуынша, жаһандық пара алу істерінің төрттен үш бөлігі агенттермен байланысты.

«Прокурорлар парақорлықтың бұл түріне ерекше назар аударғанымен, мұндай істерді аяқтау қиынға соғады. Олар бұл жағдайда Van Oord-тың агентті пара беру үшін әдейі жалдағанын дәлелдеуі керек», – дейді Ройендейк.

Сондай-ақ оқыңыз