Үкімет Маңғыстау Атом энергетика комбинатын алдағы жылу маусымына дайындауға 5 млрд теңге бөлді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Маңғыстау Атом энергетика комбинатына 5 млрд теңге бөлінді / ҚР премьер-министр сайты

Үкімет резервінен Маңғыстау Атом энергетика комбинатының қызметін қолдауға 5 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Үкімет ақпаратына сүйенсек, қаражат кәсіпорынға алдағы жылыту маусымына уақытылы дайындалуға және энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бөлінген қаржы Үкімет резервінен облыстық бюджетке түсіп, одан әрі мақсатты жұмысқа жұмсалуы тиіс.

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап кәсіпорынды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді.

“Үздіксіз өндірістік циклды қамтамасыз етуге және жабдықтың тоқтап қалу қаупін азайтуға бағытталған бірқатар негізгі жобаларды іске асыру көзделген. Олар қазандық агрегаттарын, резервтік қорғау және автоматика жүйелерін, сондай-ақ электр энергиясын басқару мен есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін жаңғыртуды қамтиды», – делінген Үкімет хабарламасында.

Маңғыстау Атом энергетика комбинаты – Ақтау қаласын қоса алғанда, өңірдегі елдімекендер мен кәсіпорындарды электр және жылу энергиясымен, ауызсу, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ететін облыстағы негізгі энергия кешені.

2023 жылы 11 тамызда Маңғыстау атом энергетика комбинатында апат болған еді. Салдарынан Маңғыстау облысында электр энергиясын тұтынуға шектеулер енгізілді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында электр энергиясының шектелуі өндірілетін мұнай көлеміне әсер еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз