Тоқаев Индонезия президентін тәуелсіздік күнімен құттықтады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия президенті Джоко Видодоға жеделхат жолдап, тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Ақорда таратқан ақпаратқа сүйенсек, президент Тоқаев Индонезияның әлеуметтік-экономикалық бағыттағы зор жетістіктерін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін жеткізген.
Бұған қоса, Қазақстан халқы атынан достас Индонезия халқына бақ-береке, президент Джоко Видодоның барлық игі бастамасына табыс тілеген.
Индонезияның тәуелсіздік декларациясы 1945 жылғы 17 тамызда қабылдаған, осы күні елде тәуелсіздік күні аталып өтіледі. Бұған дейін елдің аумағы ресми түрде Нидерланд құрамына кірген. 1942-1945 жылдар аралығында, яғни Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапонияның оккупациясында болған.
Айта кетейік, қазір Қазақстанмен Индонезия арасында 30 күндік визасыз режим бар.