Соңғы он жылда Қазақстанда геологиялық барлау барынша құлдыраған. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жариялаған статистикалық мәлімет бойынша, Қазақстанның аумағында барлау ұңғыларын бұрғылау 1913 жылғы деңгеймен шамалас.
«Тас дәуірі тас таусылып қалған соң біткен жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі мұнай біткен соң таусылмайды» деген пікір қанатты сөзге айналып кетті. Бұл сөз Сауд Арабиясының бұрынғы мұнай өнеркәсібінің министрі, шейх Ахмед Заки Яманиге телініп жүр. Десе де мұнай дәуірінің қалай аяқталары әлі белгісіз. Ал Қазақстандағы мұнайдың геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмегендіктен бітер түрі бар.
ENERGY MONITOR осы мәселеге баса назар аударып отыр. Оның мәліметінше, еліміздегі алынып жатқан қордың қалғаны – 2 млрд 745 млн тонна. Оның 80 %-ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі жобаларға тиесілі.
«Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 2 млрд тонна мұнай өндірген. Орта есеппен жылына 61 млн тонна өндіріліп жатыр. Ал алдағы он жылда жылына 105 млн тонна мұнай өндірілуі тиіс. Демек қазіргі мұнай қоры 25-30 жылда түгесілмек. Өкінішке орай, геологиялық барлауға баса назар аударылмағаны көрінеді. Бар үміт Тайсойған, Қаратон подсолевой, Абай (Каспий теңізі) Торғай Палеозой жобасында», – деп жазады Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.
Әрине, барлаусыз жаңа мұнай көздері жоқ. Қолда бар қор таусылудың алдында тұр. Бұл жайт билікті алаңдатып отырғаны анық. Өйткені мұнайдан түскен қаражатсыз бюджеттің бүйірі бұлтимайды. Бұдан үш күн бұрын Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңес өтті. Сонда «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы Асхат Хасенов геологиялық барлау бағытына баса назар аударды.
Ол барлық негізгі шөгінді бассейн бойынша геологиялық зерттеулер жүргізілгенін айтты. Асхат Хасеновтің сөзіне қарағанда, Торғай Палеозой (Қызылорда облысы) және Абай (Каспий теңізі) учаскелерінде терең ұңғымалар (5500 метр) бұрғыланған. Сонымен қатар Қаратон Подсолевой (Атырау облысы) және Қаражар (Ақтөбе облысы) аймақтарында бұрғылау жұмыстары басталмақ.
Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар шеңберінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша кешенді бағдарлама қабылданған. Ол бойынша, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы жаңа аймақтарда барлау жүргізу жоспарланып отыр.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жариялаған статистикадан бір жайт анық аңғарылады. Кеңес одағы тұсында Қазақстан барлауды қаржыдан қақпай, қарқынды жұмыс жүргізген. Тәуелсіз кезеңде ұлттық компаниялар бұрын жасалған жұмыстардың нәтижесін көріп, жемісін жеумен шектелгендей. Барлау ұңғыларын бұрғылауда аз шығынмен, көп нәтижеге жетуді көздегені байқалады. Сәтті-сәтсіз бұрғы салу дерегі осыны көрсетеді. Десе де 2015 жылдардан бері қарай барлау ұңғыларын бұрғылау құрдымға кетті десек те болады. Статистикалық деректерді салыстырсақ, 1913 жылғы деңгейге бір-ақ құлаған.
Айта кететін жайт, елімізде геологиялық барлаудың тарихы сонау 1897 жылдан басталады. Кеңес Одағы тұсында барлау жұмыстары қарқыны арта түскен. 1930-1936 жылдарға дейін тынбай бұрғылау жүргізілген. Бірақ олардың дені сәтсіз аяқталған. 1936-1944 жылдардан бастап сең қозғалып, аздап мұнай табылады.
1944-1956 жылдар арасындағы барлау жұмыстары көп нәтиже бермеді. Алайда «тамшы тасты теседі» дегендей, тынымсыз жұмыстардың арқасында 1956-дан бастап 1967 жылдарға дейін мұнай кендері көп табыла бастайды. Мұның бәрі – барлау жұмыстарының қарқыны артқанының арқасы. Бұл кестеден анық байқалады. Сәтті-сәтсіз барлау нәтижелері итжығыс түсіп жатты. Осы кезеңде Өзен және Жетібай кеніштері ашылған. Барлау ұңғымаларының саны 125-ке дейін көбейді. Осы уақытқа дейін жыл сайын бұрғыланғаны 50 ұңғымаға жетпейтін-ді.
Ал 1963 жылдан 1972 жылға дейін барлау жұмыстары саябырсып, 1940 жылдардағы деңгейге дейін төмендеген. 1972 жылдардан бастап Кеңес одағы ыдыраған сәтке дейін геологиялық барлау жұмыстары күрт артқан. 1970-ші жылдардың аяғында Теңіз бен Қарашығанаққа бұрғы түседі. Шырқау шегі 1990 жылдарға тұспа-тұс келіп отыр. Бір жылдағы барлау ұңғымаларының саны 200-ден асып жығылды. Тіпті сәтсіздіктердің табысты жұмыстардан үш-төрт есеге асып кеткені еш кедергі келтірмеген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көрсеткіштер күрт төмендеуіне таңырқаудың қажеті жоқ. Нақты айтқанда, 1930-шы жылдардағы деңгейге құлдилайды. 2000-шы жылдардың басында жағдай біршама жақсарып, барлаудың тасы өрге домалай бастады. Ұңғымаларының саны 1960 жылдардағы деңгейге дейін көтерілді. Бірақ соңғы он бес жылдағы көрсеткіштің алаңдатып отырған жайы бар.
Елімізде 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен төрт газ өңдеу зауыты іске қосылады. 16 шілдеде өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде QazaqGaz бен Chevron компаниялары Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойғанын айтқан.