Жаңалықтар

Токиодан Цюрихке ұшқан Swissair әуе кемесі Астанаға қонуға мәжбүр болды: әуежай 2 сағатқа жабылды

Swissair әуе кемесі Астанаға қонуға мәжбүр болды: 20-ға жуық авиарейс кешікті / Фото: Көлік министрлігі

Токиодан Цюрихке аттанған Swissair ұшағы Астана халықаралық әуежайында қонуға мәжбүр болған. Сонымен қатар осы ұшақтың жолақтан сырғып кетуі салдарынан Астана әуежайы екі сағатқа жабылып, 20-ға жуық авиарейс кешікті.

Көлік министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Boeing 777-300ER (борт нөмірі HBJNI) ұшағымен Токиодан Цюрихке ұшқан Swissair SWR161 рейсінде 50 жастағы жолаушы инсульт алды деген күдік болып, экипаж Астанаға қонған.

«Сағат 16:00-де ұшақ жолаққа сәтті қонғаннан кейін, ұшу-қону жолындағы бұрылыс кезінде экипаж қателігінен ұшақ жолақтан сырғып кетті. Осыған байланысты сағат 16:03-те апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін дабылды ескерту жарияланды», – делінген хабарламада.

Астана әуежайы екі сағатқа барлық рейс үшін уақытша жабылған. Елордалық әуе айлағының онлайн-таблосының деректеріне сәйкес, Алматы, Қарағанды, Анталия, Шымкент, Батуми және Прагадан рейстер ұшып келуі кешіктірілген.

Алматы және Шымкентке Астанадан ұшуы тиіс екі рейсте кешігеді.