Түркияның оңтүстік аймағындағы орман өртеніп жатыр. Жалын әлі күнге бәсеңсіген жоқ. Орманнан бері қарай ауысқан өрт Измир провинциясындағы елдімекендерге қауіп төндіре бастады. DW басылымы келтірген дерекке сүйенсек, сенбі, 17 тамыз күнгі түнде жергілікті билік 900-ге жуық адамды эвакуациялады. Түркия Президентінің баспасөз қызметі өртті сөндіруге 2965 адам мен 600 техника жұмылдырылғанын хабарлаған.
Измирдің солтүстігіндегі Қарсыяка ауданында өрт 30 ғимаратты бүлдірді деп хабарлады қала мэрі Джемил Тугай. Оған қоса он қабатты үй жалынға оранған. Өрт сөндірушілер тұрғындарды жедел эвакуациялап, ғимараттардағы өртті сөндірді. Измирдің басқа аудандарында бірнеше үй өртеніп кеткен.
Осы маңда орналасқан Маниса қаласынан 1440 адам көшірілді деп хабарлады Түркия ішкі істер министрлігінің басшысы 17 тамызға қараған түні. Түркия Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Ибрахим Юмаклы алапат өрттің орманда тыныққан үш адамның жаққан алауы себебінен басталғаны туралы жорамалын айтқан. Қазіргі уақытта кінәлі адамдарды полиция органдары іздестіруде. Түркияда адам өлімі орын алған жоқ, бірақ ормандағы жан-жануарлар зардап шегуде.
Еуропа елдері де биыл өрттен зардап шегуде. 11 тамыз күні Грекия астанасы – Афина қаласынан 35 км жерде басталған өрт салдарынан сол жердегі елді мекендерден тұрғындар көшірілген. Одан кейін Еуроодақ орман алқабындағы өртті сөндіре алмай жатқан Грекия мен Альбанияға көмектесуге ұйғарды. Азаматтық қорғаныс механизмі бойынша ЕО Грекияға тікұшақтар мен ұшақтар жіберді.