Бигтех акциялары өскенімен, хеджирлеу шығындары көңілге күдік ұялатып отыр

Жарияланды
Nvidia-ның есебін күтіп, елеңдесіп отырғандар көп / Фото: Reuters/Ann Wang

Тамыздың басында нарық құлдырағаннан кейінгі америкалық алпауыт технологиялық компаниялар акцияларының көтерілуі опцион трейдерлерінің көңіліне сенім ұялата алмады. Аталған қағаздардың құбылмалылығынан сақтандыру құны әлі де жоғары. «Таңдаулы жетіліктің» құрамындағы алты компания өткен тоқсандағы кірістері туралы есеп беріп үлгерді. Енді Nvidia-ның есебін күтіп, елеңдесіп отырғандар көп.

Толығырақ

Технологиялық акциялар қазір тамыздың басындағы құлдыраудан кейін қайта өсе бастады. Соған қарамастан Nasdaq 100 акцияларын бақылайтын ең ірі биржалық қор Invesco QQQ Trust Series 1 құбылмалылығын хеджирлеу келісімшарттарының құны S&P500 индексі негізінде акцияларға инвестиция салатын ең танымал қор SPDR S&P 500 ETF Trust опцияларымен салыстырғанда жоғары болып отыр деп жазды Bloomberg.

Осы айдың басында қор нарығындағы сатылым Cboe (VIX) құбылмалылық индексін төрт жылдық деңгейге көтерді. Invesco QQQ Trust Series 1 және SPDR S&P 500 ETF Trust бойынша үш айлық болжамды құбылмалылық арасындағы айырмашылық содан кейін 2022 жылдың маусымынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Нарық кейіннен тынышталғанымен, аталған айырмашылық орташа жылдық деңгейден жоғары болып қалады – орташа жылдық 4,9 тармақтан 5,6 тармаққа.

Сарапшылар не дейді?

«Пайда дисперсиясы (табыс тұрақтылығының көрсеткіші. – «Курсив») инвесторларды алаңдатуы мүмкін, ал технологиялық ETF-тегі ірі компаниялардың үстемдігі опциондар бағасының жоғары болатынын көрсетеді», – деп хабарлады Piper Sandler опциондар бөлімінің басшысы Дэниел Кирштің мәлімдемесіне келтірген Bloomberg.

Бигтехтегі инвесторлар үшін басты оқиға Nvidia-ның тоқсандық кірісі туралы есебінің жариялануы болып отыр. Жасанды интеллектімен жұмыс істеуге арналған чиптер нарығының көшбасшысы 28 тамызда есебін ұсынады. Инвесторлар компания басшысы Дженсен Хуангтың болжамдарын қадағалайды. Nvidia мол пайдаға кенелуін жалғастыра береді, бірақ компаниялардың ЖИ-ге салған қомақты инвестициялары коммерциялық серпіліске бастайтыны я бастамайтыны әлі белгісіз, деп жазды Bloomberg.

Nvidia акциялары биыл 150%-ға өсті. Баға белгілерінің төмендеуінен хеджирлеу құны тамыздың басындағы деңгеймен салыстырғанда кемігенімен, қазір ол өткен тоқсанға қарағанда жоғары.

«Осыған дейін адамдар баға белгілерінің өсуін жіберіп алудан қорықса, қазір олар құлдыраудан именіп отыр», – деді Interactive Brokers бас стратегі Стив Сосник.

Контекст

«Таңдаулы жетіліктегі» алты компания өткен тоқсандағы кірістері туралы есеп берді. Bloomberg есептеуі бойынша, олардың екінші тоқсандағы кірістерінің өсуі бұған дейінгі есепті кезеңдегі 50%-бен салыстырғанда жылдық көрсеткіште шамамен 30%-ға дейін баяулады. Ортақ болжам бұл компаниялардың кірісі үшінші тоқсанда тағы да баяу өсетінін көрсетеді.

Өткен жылдың соңынан бастап технологиялық акциялар жасанды интеллект төңірегіндегі дүрбелең аясында жылдам қымбаттады. Содан кейін биржалық бағамдардың өсуі нақты кірістерден алыстап кетті деген алаңдаушылық туды. Тамыз айының басында жағдай өзгерді. S&P 500 индексі шілдедегі ең жоғары деңгейден 8,5%-ға төмендеді. Технологиялық компаниялардың кірісінің өсуі баяулайды, ал инвесторлар ЖИ-дің нақты іс жүзінде не істей алатынын көбірек көргісі келеді.

Microsoft, Amazon және Alphabet акциялары есептер жарияланғаннан кейін төмендеді. Өйткені олардың жасанды интеллектке салған инвестициялары өз нәтижесін бермейді деген қауіп басым. Tesla есебі де инвесторлардың көңілінен шықпады. 50 Park Investments негізін қалаушы әрі басшысы Адам Сарханның айтуынша, инвесторлар «ЖИ-дің кірістер мен өнімділікке әсері туралы нақты дәлелдер алуға тырысатын» кезеңге өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз