Lifestyle

2024-2025 оқу жылының кестесі: сабақ қашан басталып, қанша демалыс күн болады

2024-2025 оқу жылының кестесі / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда 2024-2025 оқу жылында мектеп оқушылары 34 апта білім алатын болады. Биылғы оқу жылында 1 қыркүйек пен 25 мамыр жексенбі күнге түсіп тұр. Алайда соған қарамастан, алғашқы қоңырау да, соңғы қоңырау да осы күндері соғылады.

Оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйектен – 2025 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады. 

  • I тоқсанда оқу 8 аптаға созылады. Күзгі демалысқа 7 күн беріліп, 28 қазаннан бастап 3 қараша аралығында демалыс болады. 
  • II тоқсанда да 8 оқу аптасы бар. Қысқы демалыс 2024 жыл 30 желтоқсанмен 2025 жылғы 8 қаңтар аралығында 10 күнге созылады. 
  • III тоқсанда ең ұзақ 10 оқу аптасы болады. 21-31 наурыз аралығында 11 күн демалыс болады. Айта кетейік, III тоқсанда 1-сынып оқушылары 3-9 ақпан аралығында қосымша демалады. 
  • IV тоқсанда 8 оқу аптасы бар. Бұл тоқсан 25 мамырда аяқталып, оқушылар 3 айға жазғы демалысқа кетеді.

Мемлекеттік аттестациялау уақыты: 

  • 9 (10)-сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2025 жылғы 29 мамырдан бастап 9 маусым аралығында өтеді.
  • 11 (12)-сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2025 жылғы 30 мамырдан бастап 12 маусым аралығында өтеді.

1 қыркүйектен бастап 7,9 мың мектепке 3,9 млн бала барады. Оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі 500 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін ата-аналарға 43 307 теңгеден таратып беретіні туралы жазған едік. 2024 жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры 500 мыңнан астам балаға көмек көрсетеді. Олардың қатарында АӘК алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар.