Lifestyle

Құны 900 млн теңге болатын «Әлия» фильмі Беларусьте емес, Шығыс Қазақстанда түсірілетін болды 

«Әлия» фильмі Шығыс Қазақстанда түсірілетін болды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық мерген Әлия Молдағұлова жайлы «Әлия» фильмінің соғыс сахналары Беларусьте емес, Шығыс Қазақстанда түсірілетін болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады.

«Осы маусымда фильм түсіруге ниетті авторлар Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған питчингке қатысып, мемлекеттік қолдауға үмітті болған. Қаржыландыруға 18 жоба ұсынылған, оның ішінде «Әлия» фильмі де бар. Әлия Молдағұлованы еске алу алдындағы жоғары жауапкершілікті және фильмнің қазақстандық көрермен үшін маңыздылығын ескере отырып, кино компания мемлекеттік қаражатты ұтымсыз пайдаланбау үшін конкурсқа қатысуды уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдаған. Шешімнің басты себебі жобаның түсірілім мерзіміне қатысты еді. Түсірілімнің негізгі бөлігі, соғыс қимылдары сахнасы Беларусь Республикасының аумағында жоспарланған», – деп жазды Балаева.

Министр қазіргі таңда Беларусь аумағында негізінен ресейлік жобаларға басымдық беріліп, қажетті алаңдарда жұмыс көп болғандықтан, түсірілім кешігуі мүмкін болғанын жазды.

«Беларусьпен табиғи декорацияларды қолдану кестесін келісу мүмкін болмады. Осыдан жобаның уақытылы түсірілмей, тіпті аяқталмай қалу қаупі артты. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысында табиғи алаңдарды түсіруге шешім қабылданды. Бұл түсірілім сапасын сақтап қана қоймай, фильмнің уақытылы жарыққа шығуын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді министр.

Бұдан бөлек, министр фильмге бөлінетін қаржыға тоқталып,қаржыландыру бойынша проблемалар болмағанын атап өтті. Фильм бюджеті жалпы 900 млн теңге болады деп жоспарланған. Оның 450 млн теңгесі жеке инвестиция болмақ. Қалған қаржыны кино компания мемлекеттік бюджеттен алуды жоспарлаған. 

«Фильмнің түсірілімін уақытында аяқтауға және оны үлкен экрандарда көрсетуге бар күшімізді саламыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әлия» жобасына және тарих мен ұлттық мұраны сақтауға бағытталған басқа да бастамаларға барлық қажетті қолдауды көрсетуді жалғастырады. Әлия Молдағұлова туралы фильм еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болатынына сенімдімін», – деп қорытындылады Балаева.

Осыған дейін Мәдениет министрлігі Тимур Бекмамбетовтің «Сапфир операциясы» фильміне бөлінген грант сомасын 700 млн теңгеден 400 млн теңгеге дейін қысқартқан. Бұл туралы министрліктің «Курсивке» берген жауабында жазылған. Бюджет қазақстандық кинематографистердің шағымынан кейін төмендеген.