Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» 2023 жылы атқарушы орган мүшелеріне 573 млн теңге сыйақы төлеген

«Самұрық-Қазына» басқарма мүшелеріне 573 млн теңге сыйақы төлеген / Фото: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 2023 жылы атқарушы орган мүшелеріне 573 735 189 теңге сыйақы төледі. Бұл туралы Ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстанның Қор биржасына хабарлады.

Айта кетейік, ҰӘҚ-ның 2012 жылдың 8 қарашадағы Үкімет қаулысымен бекітілген Жарғысына сәйкес басқармасы атқарушы органы болып саналады. Қазіргі таңда қордың басқарма құрамында 6 адам бар. Оның ішіне басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, басқарушы директорлар: Айдар Рысқұлов, Салтанат Сәтжан, Ернат Бердіғұлов, Николай Казутин, Елжас Отыншиев кіреді.

ҰӘҚ-ның Қазақстанның қор биржасындағы 2023 жылға арналған есебіне сүйенсек, қор құрамындағы компанияларда 260 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2023 жылы шоғырланған таза пайдасы 1 698  млрд теңгені, операциялық табысы 2 130,2 млрд теңгені құраған. Акционерге 132,9 млрд теңге, «Қазақстан халқына» қорына 66,6 млрд теңге бағытталған. Активтері 36 926 млрд теңгені, жеке капиталы 21 737 млрд теңге.

Айта кетейік, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры жыл басынан бері 8 трлн теңге кіріс алғаны туралы хабарладық.

Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі.