Қазақстан мен Ресей шекарасында киіктердің кедергісіз көші-қоны үшін экологиялық дәліздер құрылады. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Экология министрі Ерлан Нысанбаев Батыс Қазақстан облысында Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрлігінің өкілдерімен кездесті. Ресей тарапымен келіссөздер барысында ақбөкендердің кедергісіз көші-қоны үшін ҚР мен РФ шекарасында өткелдер санын көбейту және трансшекаралық экологиялық дәліздер құру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жедел жұмыс тобын құру туралы келісімге келді.
Сондай-ақ министр БҚО Жәнібек ауданында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Фермерлерді мазалап отырған мәселенің бірі киіктердің егістік және шабындық жерлерінің тапталуы талқыланды.
Шаруа қожалықтары жерлеріне киіктер таптауынан келтіріліп отырған қысымды азайту және алдын алу мақсатында министрлік тарапынан бірқатар шаралар жоспарланып отыр, – деді Нысанбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан жерін мекендейтін киіктің табиғаттағы рөлін, оның тарихын және қазіргі кездегі жағдайын кеңінен баяндайтын «Киікстан» атты деректі фильм шыққан еді. Киік – еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның табиғатында ерекше орын алатын жануарлардың бірі. Оның көшіп-қонуы, өмір салты және табиғатқа ықпалы жергілікті экожүйелер үшін аса маңызды.