«Қазсушар» су каналы жекеменшікке берілгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды – Су министрлігі
«Қазсушар» су каналы жеке меншікке берілгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Бұған дейін, ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше Түркістан облысында құны 13 млрд теңге болатын су арнасы жекеменшікке заңсыз берілген деген ақпарат таралған еді.
Алайда министрлік оны жоққа шығарды:
Машиналық канал «СК Парасат» ЖШС-нің жеке меншігіне берілмеген және оны мемлекеттің меншігіне қайтарды деген ақпарат дұрыс емес. Екіншіден, «СК Парасат» ЖШС-мен канал арнасының бөлігін және ГНС-1 іргелес аумақтарды саз-батпақ және құм тәрізді шөгінділерден тазарту жөнінде 26.06.2023 жылғы №01 келісімшарт жасалды, – делінген ведомствоның хабарламасында.
«Қазсушар» атынан канал арнасын тазарту келісімшартын бұзу бойынша сот органдарына бірнеше талап-арыз берілді. Мәселен, 2023 жылдың қазан айында Түркістан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз беріліп, осы кезеңде жергілікті құқық қорғау органдарына өтініш жолданды. Өтініштердің қорытындысы бойынша «СК-Парасат» ЖШС-не қатысты ҚР ҚК 334-бабының 2-бөлігі бойынша (жер қойнауын өз бетінше пайдалану, пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру) қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда іс сотқа дейінгі тергеу сатысында.
Сондай-ақ «Қазсушар» РМК 2024 жылғы ақпанда Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және Қаржы мониторингі агенттігіне «Қазсушар» РМК бұрынғы лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері және «СК Парасат» ЖШС заңсыз кәсіпкерлік қызметі фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін арыз жолдады.
Еске сала кетейік, бұған дейін суды заңсыз пайдаланғандар үшін айыппұл көбейетіні туралы жазған едік. Елде 2029 жылы болуы мүмкін су тапшылығының алдын алу мақсатында жауапты министрлік саладағы заң бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейтпек. Тиісті заң жобасын Су ресурстары және ирригация министрлігі «Ашық НҚА» порталында ашық талқылауға шығарды.