Жаңалықтар

Түркістан облысында құны 13 млрд теңге болатын су арнасы жекеменшікке заңсыз берілген

Түркістан су жинау арнасы жекеменшікке заңсыз берілген / фото коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Түркістан облысында су жинау арнасы жекеменшікке заңсыз берілген. Каналдан су алатын шаруалар шағымынан кейін прокуратура тексеріс жүргізген.

Прокуратураның мәліметінше, «Қазсушар» Түркістан филиалы 2023 жылы 26 маусымда №1 шартпен ұзындығы 13,9 шақырым, құны 13 млрд теңге болатын «Тәуелсіздікке 20 жыл» атындағы су жинау арнасын «СК Парасат» ЖШС-не өтеусіз берген. Аталған каналдан ағын су алатын Жетісай және Мақтаарал аудандары кәсіпкер-шаруа қожалықтары прокуратураға шағымданған.

Жаңа меншік иесі каналды дұрыс пайдаланбай, тазарту жұмыстарын жүргізбегендіктен, бөгетті нығайтатын құм шығарылып, салдарынан оның беріктігіне нұқсан келтірілген. Осыған байланысты прокуратураның қадағалау актісі негізінде мүлік тұтынушылардың құқығын қамтамасыз ету және дұрыс пайдалану үшін мемлекет меншігіне қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін суды заңсыз пайдаланғандар үшін айыппұл көбейетіні туралы жазған едік. Елде 2029 жылы болуы мүмкін су тапшылығының алдын алу мақсатында жауапты министрлік саладағы заң бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейтпек. Тиісті заң жобасын Су ресурстары және ирригация министрлігі «Ашық НҚА» порталында ашық талқылауға шығарды.