Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламағаны үшін бизнеске салынатын айыппұл көлемін арттырмақ. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған министрлік құжатында жазылған.
Бұл құжат көмегімен министрлік Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін белгілеуді, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламағаны үшін айыппұлды ұлғайтуды көздеп отыр.
Ведомство бұл құжатты әзірлегенде Ұлыбританияда қолданылатын халықаралық тәжірибені ескерген. Ұлыбритания Заңына сәйкес жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаларды тергеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі бұзушылықтың ауырлығына байланысты 50 000 еуро мен 20 000 000 еуро аралығында қарастырылған екен.
Кәсіпкерлер жазатайым оқиғаны жасырған кезде жұмысшыға немесе еңбек орнында жазатайым қайтыс болған адамның отбасына тиісті төлемдер төлемейді. Сол себепті көптеген кәсіпорын мұндай оқиғаны жасырып қалуға тырысады.
Оның үстіне соңғы уақытта елдегі кәсіпорындарда жазатайым оқиғалар санының көбейіп кеткені де министрліктің бұл бастаманы көтеруіне түрткі болған.
Мәселен, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламағаны үшін 2023 жылы – 120, 2022 жылы – 71, 2021 жылы – 88, 2020 жылы – 76, 2019 жылы – 72 құқық бұзушылық тіркелген.
«Соңғы жылдары еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламау бөлігінде заңнаманы бұзу жағдайларының көбеюі байқалады, бұл қолданыстағы ықпал ету шараларының тиімсіз екендігін көрсетеді. Еңбекті қорғау саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларын сақтамау адамның және азаматтың заңды құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін елеулі бұзушылықтар мен бұзушылықтарға әкеп соғады», – делінген құжатта.
Ал айыппұлдың қолданыстағы мөлшері жеткілікті дәрежеде заң бұзушылықтардың алдын ала алмай отыр. Яғни кәсіпкерлік субъектілері өз жұмыскерлері үшін лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бюджет жұмсағаннан гөрі әкімшілік айыппұл төлеуді қаржылық жағынан тиімді көреді екен.
Министрліктің хабарлауынша, бұл құбылыспен күресудің ең тиімді әдістерінің бірі – айыппұл салу. Бұл, ең алдымен, қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін адамдардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Ал қолданыстағы құқықтық реттеу қызметкерлердің, әсіресе, зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтіндердің құқықтарын толық қорғай алмайды. Сол үшін министрлік айыппұл көлемін 5 есе көтеруді ұсынып отыр.
Айыппұл көлемі қаншалықты артады?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламағаны үшін – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 70 АЕК (258 440 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 105 АЕК (387 660 теңге), iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 140 АЕК (516 880 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады.
Ал енгізуге ұсынылатын реттеуші талапқа сәйкес, еңбек заңнамасында белгіленген мерзімде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламағаны үшін – лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 150 АЕК (553 800), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (738 400 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 700 АЕК (2 584 400 теңге )көлемінде айыппұл салу көзделеді.
Министрлік осылайша жазаны жасалған бұзушылыққа пропорционалды етіп, кәсіпорынның көлеміне байланысты айыппұлдардың мөлшерін нақты айқындауды көздеп отыр.
Бұл заңнамалық бастама әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте қамтылған жұмыс берушілердің қауіпті өндірістерде еңбекті қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілігін күшейтеді. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін одан әрі жақсартуға ықпал етеді, сондай-ақ жазатайым оқиғаларды тергеу саласындағы еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға жәрдемдеспек.
«Халықаралық тәжірибе мен құқық бұзушылық статистикасы жауапкершілікті қатаңдату қажет екенін көрсетеді, өйткені ескерту түріндегі әкімшілік Ықпал етудің қолданыстағы шаралары тиімді емес, өзінің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алуды жүзеге асырмайды, сондай-ақ ол әкелетін жағымсыз салдармен салыстыруға келмейді», – делінген құжат түсіндірмесінде.
Сонымен бірге министрлік осылайша еңбек нарығы субъектілерінің құқықтық санасын арттырып, Қазақстанның Safety Index by country рейтингінде көтерілуіне жол ашпақ. «Safety Index by country-2024» рейтингі бойынша Қазақстан индексі – 54,1 құрайды. Ал Албания -54,4, Пәкістан-56,8, Ресей -60,9, Сербия -61,7, Тайланд 62,1 орында екен.
Бұл заңнамалық бастаманы министрлік президент Тоқаевтың 2023 жылғы 25 сәуірдегі еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік санкцияларды қатаңдатуға қатысты тапсырмасына сай әзірлеген.
Құжатта заңға өзгерістер әзірлеу және енгізу процесі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бастамасы бойынша ведомствоаралық комиссияның отырыстарында, кеңесте, ҰКП алаңында ашық және мүдделі тараптардың қатысуымен өткізілетіні жазылған.
Заңнамаға өзгерістер қабылданса, оны қолданысқа енгізу мерзімі – 2025 жылдың 1 қаңтарына жоспарланған.