Жаңалықтар

Алакөл маңындағы Үшарал әуежайына қосымша терминал салынады

Фото: urjar.kz

Алакөл маңындағы Үшарал қаласы әуежайының қосымша терминалы салынбақ. Қосымша терминал құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Кеңейту жұмыстары шағын авиацияны дамыту жөніндегі Президенттің тапсырмасы аясында қолға алынған. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.

Алакөлге туристер ағылып жатыр. Саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан әуежайды кеңейту ішкі туризмді дамыту үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде Үшаралдың Астана, Алматы, Талдықорған қалаларымен әуе қатынасы бар. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға 653 млн теңге бөлініпті. Бұл құны 8-18 мың теңге болатын 20 мыңға жуық билетті сатуға мүмкіндік берген.

Қазіргі инфрақұрылымды ескере отырып, нысандар сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсететін болады. Қазір әуежай сағатына тек қана 75 жолаушы қабылдай алады. Жалпы өткен жылы өңірге 2 миллион адам демалуға келген. Сонымен қатар 17 жаңа туризм нысаны іске қосылып, 3,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Туризм саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет басшысы Олжас Бектенов инвестиция тарту және тиісті инфрақұрылым құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Алакөлге жеке көлікпен жету де оңайлай түскен. Биыл «Талдықорған – Үшарал» (287-615 км) және «Сарыөзек – Көктал» (45-68 км) республикалық маңызы бар автожол учаскелері пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ «Лепсі – Балқаш көлі» (0-27 км) автожолында жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жыл аяғына дейін «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының 90 шақырымына асфальт төселеді. Қалған 15 шақырымы 2025 жылғы туристік маусымға дейін аяқталуы тиіс. Биылғы жоспар – 182 шақырым облыстық маңызы бар жолдар мен 54 елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеу. Жалпы жыл соңына қарай облыста екінші және үшінші санаттағы 336 шақырым жол ашылмақ.