Құзырлы орган Toyota Alphard көліктерінің неліктен жиі апатқа ұшырап жатқанын айтты

Жарияланды
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Көлік министрлігінің Автокөлік және көліктік бақылау комитеті Toyota Alphard көліктерінің неліктен жиі апатқа түсетін себебін атады. Бұған көліктің техникалық ақауы емес, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып жүрген иелерінің жылдамдықты тым арттыруы және рулі оң жақта болғандықтан, басып озудың қауіптілігі түрткі болып отыр.  

«Бүгінгі күнге дейін Toyota Alphard көліктерінің техникалық ахаулар салдарынан апатқа ұшырау дерегі тіркелген жоқ. Мәселен, оң жақтағы рульдерді сол жаққа ауыстырудың салдарынан немесе тежегіштері істен шыққандықтан апат болған емес. Біз Ішкі істер министрлігімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Автокөлікті бақылау басқармасының бас сарапшысы Қанат Қалмағамбетов.

Оның пікірінше, жол-көлік оқиғаларының барлығы жылдамдықты сақтамай, жолақтан өтіп, қарсы бағытқа шығудың салдарынан болған. Өздеріңізге белгілі, Toyota Alphard-тың рулі оң жақта орналасқан. Жүргізушісі қарсы бағытта келе жатқан автокөліктерді көрмей қалады. Төңіректі шолып шығу қиындайды. Сондықтан алдындағы көлікті басып озу үшін қарсы бағыттағы жолға толық шығып кетеді. Апаттар осының кесірінен болып жатыр.

«Заңға сәйкес, олар техникалық байқаудан жыл сайын өтуі тиіс. Бұл көліктер жолаушы тасымалдау үшін тіркеуге алынбайды. Өйткені рулі оң жағында орналасқан автокөліктердің такси қызметін көрсетуге заңмен тыйым салынған. СондықтанToyota Alphard иелері ресми тіркелмей, заңсыз тасымалдаумен айналысып жүр», – дейді Қанат Қалмағамбетов.

Халық арасында Toyota Alphard  көлігі «кісі өлтіргіш мәшине» деп аталып жүр. Қазақстанның трассаларында көп апатқа түседі. ҚазТАГ агенттігі осы көлік ұшыраған апаттар туралы мәлімет келтірген.

2020 жылы:

Ақпан айында Самара-Шымкент трассасында екі адам қаза болып, екі адам жарақат алған. Тамыз айында Ақтау-Жаңаөзен трассасында төрт адам адам өлген.

2021 жылы:

Мамыр айында босанғалы жатқан әйелді ауруханаға әкетіп бара жатқан жедел жәрдем мәшинесі жол қиылысында Toyota Alphard-пен соғысқан.

2022 жылы:  

Ақпан айында Орал-Атырау трассасында көлік аударылып, бір адам қаза болса, екіншісі ауруханаға жатқызылған.

Сәуір айында Самара-Шымкент трассасында жеті адам жарақат алған.

Маусым айында Жетісу облысында екі адам қаза болып, сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Шілде айында Ақтөбе облысында бір адам қаза болған.

Қазан айында Жамбыл облысында  Toyota Alphard пен автобус соғысып, салдарынан бір адам өлді. Ал Павлодар облысында апат кезінде бір зейнеткер көз жұмған.

2023 жылы

Ақпан айында Батыс Қазақсанда жол-көлік оқиғасы кезінде екі адам жан тапсырды. Осы айда Самара-Шымкент трассасында екі адам өліп, бес адам жарақат алған жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Мамыр айында Солтүстік Қазақстанда бес адам зардап шегіп, бір жолаушы қайтыс болды.

Маусым айында Қостанай облысында әкелі-балалы екі адам көз жұмды.

Шілдеде Қостанай-Сарыкөл тас жолында екі бірдей көлік жүргізушісі опат болды. Самара-Шымкент трассасында бір адам өлді.

Тамыз айында Қарағанды-Балқаш тас жолында 13 адам зардап шекті. Самара-Шымкент трассасында көлік аударылып, бір адам қаза болды. Қостанай облысында жол-көлік оқиғасы кезінде бір жолаушы тірідей өртеніп кеткен.

Қараша айында жолда отырған адамды қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. 

Желтоқсан айында жүк көлігімен соғысып, екі мектеп оқушысы көз жұмды.

Ақпан айында Қызылорда облысында «Қазавтожол» қызметкері қаза болды. Оған Toyota Alphard жүргізушісі кінәлі деп табылды.

2004 жылы

Маусым айында Ақтөбеде жол-көлік оқиғасы кезінде төрт адам өліп, бір адам ауруханаға жатқызылды.

17 тамызда бірден алты адам опат болған. Олардың екеуі полиция қызметкерлері болған.

Сондай-ақ оқыңыз