Жаңалықтар

Түркияның тағы екі ауданында орман өртенді

Мугла провинциясында орман өртенді/ фото kursiv.media

Түркиядағы өрт басқа аудандарда жалғасты. Бұған дейін «Курсив» ормандағы өрт елдімекендерді шарпып, мыңдаған адам эвакуацияланғанын жазды.

EURONEWS басылымына Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі көптеген өрт ошағы өшірілгенін хабарлаған. Әйтсе де бес жердегі өрт бет қаратпай тұр.

Жексенбі, 18 тамыз күні Түркияның оңтүстік-батысындағы туристер көп келетін Мугла облысының Ятаган және Ула аудандарындағы орман алқабынан өрт шықты.

Қазір өртпен 300-ге жуық адам күресіп жатыр. Муглаға ондаған ұшақ пен көлік жіберілді. Түркияда кейінгі аптада 130 өрт дерегі тіркелді.

Түркияның оңтүстік аймағында бірнеше күннен бері орман өртеніп жатыр. Өрт Измир провинциясындағы елдімекендерге қауіп төндірді. Орманның өртенуіне кінәлі делінген үш адам ұсталынған.