FlyArystan ұшағына отырмақшы болған жолаушылар қате хабарлама салдарынан рейстен кешіккен

Жарияланды (жаңартылды )
flyArystan
FlyArystan жолаушылары рейстен кешіккен / фото: Аvianews.com

Алматы әуежайында KC 7053 рейсіне кешігіп келген жолаушылар FlyArystan тіркеу орнындағы компьютерді қиратты. Оларға қате SMS хабарлама жолданған.

«Алматыдан Астанаға жоспарланған рейс 09:05-тен 09:25-ке кешікті, бірақ жүйедегі ақауға байланысты жолаушылар рейс 10:55-ке ауыстырылғаны туралы хабарлама алды», деп хабарлады FlyArystan.

Соның салдарынан кейбірі кешігіп келіп, рейстен қалып қойған.

«Кешіккен жолаушыларға қаражат қайтарылды және өтемақы ретінде FlyArystan билеттеріне 50 мың теңге ваучер төленді», – деп түсіндірді әуе компаниясы.

Fly Arystan KC 7053 рейсі жолаушыларының ашуға булығып жасаған әрекетіне байланысты Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі ақпарат ұсынды.

«Осы оқиғаның салдарынан әуежай компьютерінің мониторы бұзылды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр», – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Осы ай әуе рейстеріне қатысты жаңалыққа толы болды. FlyArystan әуекомпаниясы кәмелетке толмаған Зере Галиеваны рейске жібермей, әуежайда жалғыз қалдырған. Бұл оқиғаны Авиация комитеті өрескел жағдай деп бағалап, компанияның жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Тамыз айында Air Astana және FlyArystan әуе компаниялары рейстерінің кешігуіне қатысты және басқа да жағдайларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қазақстандықтардың шағымынан кейін Air Astana мен FlyArystan әуекомпаниялары тексеріледі.

Жаз айларында FlyArystan мен  SCAT  әуе компанияларына әкімшілік айыппұл салынды. FlyArystan Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кідірген кезде жолаушыларға талапқа сай қызмет көрсетпеген.

Сондай-ақ оқыңыз