Жаңалықтар

Air Astana-ның тағы бір ұшағы зақымданып, Ақтөбеде ондаған рейс уақытынан кешікті

Жолаушыларға билет құны толығымен қайтарылды / Фото: архив kursiv.media 

Ақтөбеде бір ұшақтың зақымдануынан ондаған рейс уақытынан кешікті. Air Astana әуе компаниясы оның себебін түсіндірді

Air Astana түсініктемесі

Компания мәліметіне сүйенсек, КС 866 рейсі 16 тамызда Airbus A321 ұшағын сүйрету кезінде шассидің тұмсық тірегіндегі бекітпе зақымданған. Ақтөбе-Алматы бағыты бойынша КС866 рейсі алдымен 17 тамызға дейін кешіктіріліп, кейін баламасыз тоқтатылған. Жолаушыларға билет құнын айыппұлсыз қайтару ұсынылды.

«Жөндеу жұмыстарын орындау үшін ұшақты жолаушыларсыз Астанаға жеткізу туралы шешім қабылданды, алайда елордалық әуежайдың түнгі уақытта жабылуына байланысты әуекомпания айдау рейсін 19 тамызға қалдыруға мәжбүр»,- делінген хабарламада.

Air Astana ұшақтың зақымдануынан басқа ондаған рейстердің кешіккенін  атап өтті.

13 тамызда Air Astana әуе компаниясының ұшағы Алматы халықаралық әуежайында да зақымданып, рейстердің кешігуіне себеп болған. Әуе компаниясы осының әсерінен рейстің кешіктірілгенін және бұған компанияның кінәлі емес екенін жазған. Ұшуы керек болған жолаушылар бүгінгі рейспен діттеген жеріне жеткізілетінін атап өткен.

1 тамызда Астана әуежайының қызметкерлері Scat компаниясының ұшағына зақым келтірген. 5 тамызда әуежай операторы FlyArystan ұшақтарының біріне зақым келтіріп, осының салдарынан ұшақ бірнеше күнге мәжбүрлі тұраққа қойылған.

11 тамызда Астана халықаралық әуежайында Астана-Атырау бағытында ұшатын әуе кемесіне контейнер соғылып, зақым келген.

Компания осы мәселені көтергеннен кейін, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің соңғы уақытта әуе кемелеріне келтірілген залал оқиғаларының жиі болуына байланысты елордалық әуежайда жоспардан тыс инспекция өткізетіні белгілі болды.