Boeing сапаға қатысты мәселелерден кейін 777X лайнерлерінің сертификаттық ұшу сынақтарын тоқтатты. Себебі ұшақтардың бірінің конструкциясында жарықтар пайда болған. Бұл жаңа желінің жеткізілімін тағы бір жылға кешіктіруі мүмкін.
Толығырақ
Жолаушылар ұшағын өндіретін АҚШ-тағы ең ірі компания 19 тамызда 777X кең жолақты лайнерлердің жаңа желісінің ұшу сынақтарын тоқтата тұратынын жариялады. Олардың жеткізілімі 2025 жылы басталуы керек-тін деп хабарлады CNBC. Гавайдағы сынақ рейсінен кейін Boeing мамандары көп тонналық турбоагрегаттарды ұстап тұратын қос қанаттың астыңғы бөлігінен жарықтар тапқан.
Boeing тапсырыс бойынша жасалған бөлік «әуелде ойластырылғандай жұмыс істемеді» деп мәлімдегенін жеткізді Bloomberg. Компания қозғалтқыш тірегін ауыстыруды жоспарлап отыр және «дайын болған кезде» ұшу сынақтарын қайта бастайды. Авиакомпания 481 777X лайнеріне тапсырыс берген клиенттеріне туындаған мәселе туралы хабарлап та үлгерген.
Сарапшылар не дейді
777X лайнері 2013 жылдан бері дайындалып келеді. Қазір жоба кестеден шамамен бес жылға кейін қалып отыр. Бастапқыда лайнер нарыққа 2020 жылдың маусымында шығады деп жоспарланған болатын. Содан кейін жеткізілімдердің басталу мерзімі бірнеше рет ауыстырылды. Ендігі мерзім 2025 жыл деп белгіленді. Boeing ең ірі ұшағын сертификаттық ұшу сынақтарын өткізуге осы жылдың шілдесінде ғана кірісті.
RBC Capital талдаушысы Кен Герберт: «Сынақ рейстерін тоқтата тұру 777X жеткізілімдерін 2026 жылға ауыстыруы мүмкін», – деп жазды. Оның болжамы бойынша, 777X сертификаттау үдерісі кешіктірілуі ықтимал.
Boeing ұшақтарының жаңа нұсқаларын іске қосуда қиындықтарға тап болып отыр. Өйткені қаңтар айында Alaska Airlines ұшағына қатысты оқиғадан кейін сапаға қатысты көп мәселе анықталған. 777X-пен қатар компания 737 MAX 10 және 737 MAX 7 тар жолақты ұшақтарды сертификаттаудан өткізбек. Олардың мерзімі де кестеден кешігіп жатыр.
Акциялардың жайы
Бастан өткеріп жатқан дағдарысқа қарамастан, Boeing акцияларының консенсус рейтингі әлі де «нарықтан жоғары» (overweight). FactSet ұсыныстарын бақылайтын сарапшылардың жартысынан көбі (30-дың 17-сі) компанияның акцияларын сатып алуды қажет деп санайды. 11 сарапшы оларды «ұстауға» және тек екеуі ғана сатуға кеңес береді.
19 тамызда Нью-Йоркте өткен негізгі сауда сессиясында Boeing акциялары 0,19%-ға, қосымша сауда-саттықта тағы 0,44%-ға арзандады. FactSet мәліметтері бойынша, Boeing акцияларының мақсатты бағасы 216,44 долларға тең. Бұл олардың ағымдағы биржалық бағамдарынан 20% жоғары. Осы жылдың басынан бері америкалық авиакомпания нарықтық құнының 29%-ын жоғалтты, ал оның негізгі бәсекелесі Airbus-тың жоғалтқаны небәрі 2% ғана.