Жаңалықтар

Қазақстанда 2022 жылдың ақпанынан бері ресейлік компаниялар саны алғаш рет төмендеді

Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялар саны азайған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

2022 жылдың ақпанынан бері есептегенде Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялар саны алғаш рет төмендей бастаған. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро хабарламасында жазылған.

«1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде РФ меншік иелері бар 23 670 заңды тұлға және филиал тіркелген. Бұл ҚР СЖРА ҰСБ деректері бойынша 1 шілдедегі көрсеткіштен 13-ке аз», – делінген хабарламада.

Бюро ақпаратына сүйенсек, Украинада соғыс басталғалы бері ресейлік компаниялардың тіркеуі алғаш төмендеген. Соңғы рет компаниялар саны 2022 жылдың ақпан айында азайған. 

Қазіргі таңда Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялар саны соғыс басталған 2022 жылдың ақпанына дейінгі көрсеткіштен екі есе көп. Олардың шамамен 80%-ы, яғни 19,3 мыңы ресми жұмыс істеп тұр. Дегенмен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 3 ай бойы азайып келген.

2022 жылдың наурызынан бастап көрсеткіш тұрақты түрде өсіп отырған. Тіпті кей кездері бір айда 1000 астам компания тіркелген. 2022 жылы орташа айлық өсім қарқыны 616 компанияны, 2023 жылы 342 компанияны, ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 112 компанияны құраған.

2023 жылдың басында Қазақстанда 23 мың ресейлік компания тіркелген. 2023 жылы Ресей Федерациясынан Қазақстанға қоныс аударған компаниялар қатары айтарлықтай азайды. Дегенмен өзге елдермен салыстырғанда өсім динамикасы сақталған.