Жаңалықтар

Тоқмәдиді мерзімінен бұрын босату ісіне байланысты Қазақстанға АҚШ ФБР-нің бұрынғы басшысы келеді

Тәтішевтің өлімі жайлы тергеудің мән-жайын айту үшін Қазақстанға АҚШ ФБР-нің бұрынғы басшысы келеді / коллаж kursiv.media

Банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деген айыппен түрмеге қамалған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішінен кейін, Қазақстанға АҚШ ФБР-нің бұрынғы басшысы Луи Фри келеді. Ол 2017 жылы банкирдің қасақана өлтірілгенін дәлелдеген америкалық тергеушілер тобын басқарған. 

«АҚШ Федералды тергеу бюросының бұрынғы басшысы Луи Фри Алматыға Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен босап шығу өтінішіне қатысты сот отырысы болатын  23 тамыз күні келеді», –  делінген жәбірленуші тарап таратқан хабарламада.

Жәбірленуші Тәтішевтер отбасының адвокаты Аманжол Мұхамедьяровтың айтуынша, Тоқмәдиді мерзімінен бұрын босату туралы соттың үш отырысы (17, 24 және 26 шілдеде) өткен. Қонаев қаласының сотына арнайы мекеме өкілі, прокуратура мен сотталушының адвокаты шақырылған. Алайда жәбірленуші тараптың өкілдері шақырылмаған.

«Бастапқы сот 2024 жылдың 04 шілдесіне белгіленген. Отырыс Тоқмәдидің адвокатының өтінішімен кейінге қалдырылған. Тоқмәдидің жұбайы жәбірленуші тарап екі рет сотқа келмей, отырыс кейінге қалдырылды деген ақпараты шындыққа жанаспайды. Іс материалдарында мұны растайтын барлық құжат бар, сот отырыстарының хаттамалары бар, жәбірленуші тараптан өзгелердің бәріне телефонограммалар жіберілген», – деді адвокат Мұхамедьяров.

Тәтішевтер отбасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, осы іске қатысты Қазақстанға арнайы келетін ФБР бұрынғы басшысы Луи Фри 2017 жылы Ержан Тәтішевтің өлімінің себебін анықтаушы тергеушілер тобын басқарған. Тергеушілер тобы қылмыстың мән-жайын анықтап, оқтың ұшу траекториясын есептеп, Мұратхан Тоқмәдидің кінәсін дәлелдеуге, сонымен қатар іске Мұхтар Әблязовтың қатысын барын анықтауға ат салысқан. Луи Фри осы тергеу қорытындылары туралы ақпарат беру үшін Қазақстанға келетіні жазылған.

Айта кетейік, «ТұранӘлем» банкінің 38 жастағы төрағасы Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда аңшылық кезінде қайтыс болды. Алғашқы кезде оның өлімі кездейсоқ жағдай деп айтылғанымен, кейін тапсырыс бойынша, қасақана жасалған қылмыс екені дәлелденді. Кейінгі жылдары кәсіпкер саналып келген Мұратхан Тоқмәди мұны Мұхтар Әблязовтың тапсырысымен жасағанын мойындады. Ол 2017 жылы ұсталып, 2018 жылы 10,6 жылға сотталды. 2022 жылы наурыз айында Қазақстан Президентінің атына ашықхат жолдап, өзін қинап мойындатқанын мәлімдеді. Ал өткен аптада Алматы облыстық соты Тоқмәдидің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырғаны белгілі болды. Артынша Тәтішев отбасы мәлімдеме жасап, бұған қарсылық білдірді.