Жақында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары жарияланды. Онда кедейлікпен күрестің басты құралы ретінде – атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру көрсетілген.
Өзгерістер негізінен АӘК алушылардың мақсатты тобын таңдау талаптарына ықпал етпек. Нақтырақ айтқанда, енді АӘК алуға өтініш бергендердің кірісін ғана емес, сонымен қатар шығыстарын да ескеру жоспарлануда.
«Мұндай өзгерістер нағыз мұқтаж азаматтарды анықтап, оларға әділ көмек көрсетуге бағытталған. Жүйені дұрыс енгізсе ол көптеген мәселені шешеді», – деп жазды арнайы талдауында Halyk Finance сарапшысы Мадина Қабжалалова.
Айта кететіні, кедейлік бойынша жәрдемақыларды төлеуге арналған шығындарды есепке алудың мұндай тәсілі дамыған елдерде бұрыннан бар. Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде кеңінен таралған.
Үкімет жоспар құрумен, халық күн көрумен әлек…
Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 4,6%-ды немесе 1 млн-ға жуық адамды құрады. Бұл көрсеткіш елдегі кедейлік деңгейін қаншалықты айқындайды? Бұл ретте сарапшы көрсеткіштің объективтілігіне күмән келтірді. Оның пайымынша, нақты кедейлік деңгейі ресми белгіленген статистикадан 2-3 есе жоғары болуы мүмкін.
«Біріншіден, 4,6% орташа көрсеткіш. Ол Астана мен негізгі қалалардың жоғары статистикасымен біріктіріліп, орташа мәнге келтірілген. Мысалы, Түркістан облысы мен Абай облысында 2023 жылы кедейлік деңгейі 8-9%-ға жуықтады. Ал Астанада көрсеткіш республика бойынша ең төмен – 2,4%. Мәндердің мұндай айтарлықтай өзгешеленуі соңғы көрсеткіштің объективті емес екенін айшықтай түседі», – деп түсіндірді маман.
Екіншіден, оның пайымынша, Қазақстанда белгіленген кедейлік шегі халықаралық стандарттардан айтарлықтай төмен. Қазіргі уақытта ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды. Әрі аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмекті есептеуде қолданылады.
«Дүниежүзілік банк индикаторлары Қазақстандағы қолданыстағы көрсеткіштен 2,6 есе жоғары», – деп атап өтті сарапшы.
АӘК жоқшылықпен күресудің негізгі құралы ма?
АӘК – қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарына төленетін және кедейлікті төмендетуге бағытталған негізгі әлеуметтік жәрдемақы. Осы тұста АӘК шартты және шартсыз болып екіге бөлінеді. Бірінші жағдайда оны алатындардың өзара міндеттемелері болмайды. Бұл сырқаттануға, мүгедектікке, жасына немесе 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты еңбек нарығына қатысу мүмкіндігі шектеулі тұлғалар мен отбасылар.
Кедейлік шегіне жеткенге дейінгі өтемақыдан басқа, АӘК алушы мәртебесі 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары болған жағдайда 1,5 АЕК мөлшерінде төлем алуға мүмкіндік береді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджетіне сәйкес, 2023 жылы АӘК бойынша шамамен 65 млрд теңге төленді. Бұл әлеуметтік қолдауға жұмсалатын жалпы шығыстардың 1%-дан сәл астамын құрайды.
Жоспар бар, алайда оның кей тұсы әлі түсініксіз
2024 жылғы 6 тамызда Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары жарияланды. Онда халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін қарастыру шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын көрсету тәсілдерінің жетілмегендігі атап өтілген. Атап айтқанда, қолданыстағы жүйеде қажеттіліктерді бағалау процесіне байланысты бірқатар кемшіліктер бар, оның ішінде мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялануына байланысты азаматтардың кірістері туралы толық ақпараттың болмауы, сондай-ақ әлеуметтік көмек алуға кедергі келтіретін факторлар бар.
«Сондай-ақ учаскелік комиссиялардың қызметін ұйымдастыруда аз еңбекақы төлеу, жұмыс көлемінің көптігі – бұл бағалау сапасына әсер етеді. Сонымен қатар бүгінде еңбекке жарамды АӘК алушылардың жартысынан көбінің жұмысы бар. Бұған қоса осы санаттағы АӘК алушыларды кедейліктен шығару бойынша тиімді шараларды қамтылмаған», – деп түсіндірді Мадина Қабжалалова.
Еңбек министрлігіне жан-жақты талдау дайындау ұсынылды
Алайда сарапшы қазірдің өзінде жұмысы бар еңбекке қабілетті азаматтардың кедейлер санатынан қалай шығарылатыны түсініксіз деп есептейді. Олар қатысатын мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары көп жағдайда арнайы дағдыларды қажет етпейтін. Жалақысы төмен және өнімділігі төмен қысқамерзімді жұмыспен қамтылған.
«Осылайша, Қазақстандағы АӘК-ке қатысты басты мәселе, шын мәнінде, мұқтаж адамдарды дұрыс анықтаумен байланысты. Шын мәнінде халықты әлеуметтік қорғауға жұмсалатын бюджеттік шығыстардың тиімділігін егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді. Сондықтан, АӘК-ке қатысты үш бағыттың әрқайсысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жан-жақты талдау дайындап, жоспарланған өзгерістерді нақты негіздеу өте маңызды», – деп қорытындылады сарапшы.
Қазіргі уақытта халықтың шамамен 3%-ы АӘК алады. Қазақстанда 1,1 млн адам кедейлік шегінде өмір сүреді.