Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы омбудсманын сайлау, оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтату және жүзеге асыру қағидаларын бекітті.
Қағидаларда шағын несиелер бойынша көмек көрсететін құзырлы тұлғаны сайлау тәртібі, өкілдер кеңесінің немесе омбудсманның өзінің бастамасы бойынша микроқаржы омбудсманының қызметін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері анықталған. Бұған қоса микроқаржы омбудсманының қызметін жүзеге асыру тәртібі белгіленген.
Сондай-ақ микроқаржы омбудсманының кандидатурасына қойылатын талаптар айқындалмақ.
Осылайша Қазақстанда 2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап алғаш рет микроқаржы омбудсманының институты енгізіледі. Ол азаматтардың микрокредит беру туралы шарттар бойынша дауларын, оның ішінде азаматтардың микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешектерін реттеу мәселелерін, шарттар бойынша коллекторларға берілген дауларды қарайды.
«Омбудсман азаматтарға тегін көмек көрсетеді, ал оның қабылдаған шешімін микроқаржы ұйымы орындауға міндетті. Ол Агенттік келіскен Өкілдер кеңесінің құпия дауыс беруі арқылы үш жыл мерзімге сайлайды», – деп хабарлады агенттік.
Бұл ретте Өкілдер кеңесінің құрамына Агенттіктің, Ұлттық Банктің, екінші деңгейдегі банктердің, ипотекалық ұйымдардың, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Коллекторлар қауымдастығының бір өкілі кіреді.
Еске сала кетсек, былтыр микроқаржы омбудсманы қызметінің қағидаттары жарияланған еді. Оның ішінде, микрокредит беру құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау, тараптардың тең құқылы болуы қарастырылған.