Банк пен қаржы

Қазақстанда несиеге сұраныс артты. Алайда ипотека алушылар саны азайды

Ірі бизнес субъектілеріне несиені мақұлдау 8%-ға төмендеді / Коллаж: kursiv.media

Ұлттық банк 2024 жылдың II тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысын жариялады.

«Сауалнама нәтижесі бойынша II тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныстың оң динамикасы сақталды», – деп атап өтті ҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының орынбасары Жандос Ыбраев.

Ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс 12%-ға өсті

Бас банк дерегінше, ірі бизнес субъектілерінің сұраныс индексі аздап өсті. Сонымен қатар тау-кен, мұнай-газ және құрылыс саласындағы бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жандануы несиеге қатысты сұраныстың артуына әсер етті. Осылайша, ірі бизнес субъектілері тарапынан түскен жалпы несиелік өтінімдер саны өткен тоқсанмен салыстырғанда 12%-ға өсті. Өтініштердің жалпы саны 190-ға жетті.

Орта бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің саны 25%-ға артты

Орта бизнес тарапынан сұранысқа қандай фактор әсер етті? Реттеуші бұған ауыл шаруашылығы субъектілері үшін бірқатар жеңілдетілген несие бағдарламаларының қайта іске қосылуы себеп деп есептейді. Сонымен қатар кейбір ірі банктер несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің біршама төмендеуінің әсері болғанын атап өтті. Осылайша орта бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 25%-ға – 7,7 мыңға дейін өсті.

Шағын кәсіпкерлікте де динамика байқалады

Ұлттық банк ақпаратынша, шағын бизнес тарапынан сұранысқа мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидия әсер еткен. Кейбір банктер аталған бағдарламаларға байланысты скоринг өнімдерінде уақытша шектеді. Соған қарамастан көрсеткіштерге онлайн өнімдердің дамуы оң әсер еткенін атап өтті. Осылайша, шағын бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны өткен тоқсанға қарағанда 4%-ға артып, 821 мыңды құрады.

«Шағын және орта бизнес субъектілері үшін кредиттік өтінімдерді мақұлдау коэффициенттері тиісінше 36% және 38% болды. Көрсеткіштер алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды. Ал ірі бизнес субъектілері бойынша бұл көрсеткіш 8%-ға төмендеп, 43%-ды құрады», – деп хабарлады реттеуші.

Орта және ірі бизнес субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемелерінің біршама төмендетілгенін қоспағанда, II тоқсанда банктер кредиттеу шарттарына айтарлықтай өзгерістер енгізген жоқ.

Ипотекалық несиеге сұраныс төмендеді

Жеке тұлғалардың ипотекаға деген сұранысы II тоқсанда біршама төмендеді, ал басқа тұтынушылық несиелерге сұраныс артты.

«Ипотекаға деген сұраныстың төмендеуі өткен тоқсандағы несие беру шарттарының күшейтілуіне, сондай-ақ кейбір банктердің қазіргі уақыттағы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайға байланысты несие беруге деген дайындығының төмендеуіне байланысты», – деп түсіндірді Жандос Ыбраев.

Бұл ретте басқа банктер клиенттер саны мен сапасын аздап арттыру мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде кредиттік өтінімдердің жалпы саны 3%-ға (тоқсандық), 210 мыңға дейін төмендеді.

Еске сала кетсек, Қазақстанда несие беру ережелері қатаңдатылды. Соған қарамастан кредиттер көлемі 21,5%-ға өскен.