Қазақстан, Ресей және Украина азаматтарынан құралған қылмыстық топ 250 млн теңгеге заңсыз алтын өндірген
Заңсыз алтын өндірген Қазақстан, Украина және Ресей азаматтарына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, бұл туралы бас көлік прокуратурасы хабарлады.
Прокуратура мәліметіне сүйінсек, Ақмола облысында 2021-2023 жылдар аралығында бағалы металдарды заңсыз өндірген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінген 12 адамға, оның ішінде Қазақстан, Украина және Ресей азаматтарына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Жалпы шығын мөлшері 250 миллион теңгеден асты.
Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық топ «жер қойнауын геологиялық зерттеуге» лицензиясын алып, заңсыз алтын өндірумен айналысқан. Көлік прокуратурасы істі сотқа жолдады, делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ШҚО-да Үлкен Нарын мен Самар ауданында заңсыз алтын қазумен айналысқан қылмыстық топ ұсталғаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ, наурызда Сенат депутаты Андрей Лукин Қазақстанда соңғы 4 жылда заңсыз алтын өндіру мен ұрлаудан келген шығын 1,5 млрд теңгеден асып кеткенін айтты.
Сенатордың айтуынша, кейінгі 1 жылда 25 тоннаға жуық алтын заңсыз өндірілген. Соңғы төрт жылда Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымына байланысты 133 қылмыстық құқық бұзу тіркелген.
Сенатор алтынды заңсыз өндіретін кеншілердің ісіне тоқтау болмай тұрғанын айтқан. Заңды түрде өндірілген 3 тонна алтынға 1 тонна заңсыз өндірілген асыл темірден келеді екен. Яғни жылына 25 тоннасы заңсыз қазып алынады. Депутат 50-100 адамнан құралған заңсыз кеншілер шахталарға шабуыл жасап, инфрақұрылымды құртатынын айтады