Жаңалықтар

Жаңа жылдан бастап оң рөлді көліктері бар такси жүргізушілеріне жұмыс істеуге тыйым салынады

Оң рөлді көліктері бар такси жүргізушілеріне жұмыс істеуге тыйым салынады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

1 қаңтардан бастап Қазақстанда оң рөлді көліктері бар такси жүргізушілеріне жұмыс істеуге тыйым салынады, бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев хабарлады.

Министрдің айтуынша, рөлі оң жақтағы автокөліктерді такси қызметінде пайдалануға тыйым салынады. 1 қаңтарға дейін Yandex және InDrive өз қызметтерінде оң рөлді көліктерді анықтап олардың жұмыс істеуін шектейді.

«2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Яндекс.Такси» мен Indriver өз платформаларында рөлі оң жақтағы көліктерді тіркемейді. Көлік министрлігі мен осы екі компания арасында тиісті келісімге қол қойылған. Сонымен қатар бұрын оң рөлді болып, сол жақ рульге ауыстырылған көліктерге де тыйым салынады. Техникалық жағынан олар да қауіпсіз емес», – деді министр.

Сондай-ақ Қарабаев жуырда талқыланған қашықтыққа байланысты шектеулер енгізілмейтінін айтты:

Бұған дейін 50 км-ге дейінгі жүргізушілер үшін қалааралық қашықтық лимиті бойынша түзетуге келетін болсақ, бұл агрегаторлардың қызметін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің бірінің ұсынысы ғана болды. Мұндай өзгеріс болмайды»  –деді Қарабаев

Еске сала кетсек, бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев inDrive платформасының негізін қалаған Арсен Томский кездескен еді. Кездесу барысында министрлік басшысы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті нарық құру қажет екенін атап өткен.